Главная Новости Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Саясат Нұрбекпен өткен кездесуге қатысты
18 Желтоқсан 2023                  53
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Саясат Нұрбекпен өткен кездесуге қатысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Халықаралық Студенттер күні қарсаңында министрлік жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес өкілдерімен кездесті. Алматы қаласындағы Cәтбаев Университетінде Кеңестің ІІІ отырысы аясында өтіп жатқан жиын ресми және шығармашылық бағытта өрбіді.

Кездесуге республикалық Студенттер кеңесінің мүшелері, Қазақстан студенттері альянсының аймақтық төрағалары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді студенттері және аймақтық студенттік омбудсмендер қатысты.

Республикалық кездесу барысында министр белсенді жастар мен студенттердің құқығын қорғау жөніндегі омбудсмендердің алдында сөз сөйлеп, студенттік кезең – нағыз тамаша уақыт екенін атап, дәл осы кезеңде жастар оқуда, ғылымда, қоғамдық өмірде және стартапта да өз-өзінің потенциалын жүзеге асыра алатынын айтты.

«Студенттердің өз-өздерін жан-жақты дамытуы үшін елімізде барлық ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Біздің жастар өте шығармашыл, талантты, білімді екенін ерекше айтқым келеді. Сол білімді дұрыс жолға бағыттап, одан ақпараттық әрі сапалы контент жасау керек», - дейді министр С. Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық жас ғалымдардың соңғы жылдары тамаша ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп, өмірдің әртүрлі салаларында жаңалықтар ашып жатқанын зор мақтанышпен жеткізді.

«Біздің міндетіміз – сіздерге, студенттерге өз әлеуеттеріңізді іске асыруға, бойдағы таланттарыңыз бен шыққан ғылыми нәтижелерді қалың жұртшылыққа таныстыруға барынша жағдай жасау», - дейді министр.

Кездесу барысында белсенді жастар студенттердің омбудсмен ретіндегі қызметтерінен бөлек, ішкі туризмді дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақ пен жастар арасында қаржылық сауаттылықты таратудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Осы маңызды кездесуге қатысқан Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің Академиялық жұмыс және кәсіби практика жөніндегі студенттік проректоры Алихан Омар: «Бәрі жоғары деңгейде, үлкен ұйымдастырушылықпен өтті. Студенттер үшін шын мәнінде өте маңызды, өзекті, өткір сұрақтар қаралды. Ғылым және жоғары білім министрінің, танымал белгілі тұлғалардың студенттермен кездесуі, пікір алмасуы  осы жиында көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына зор ықпал етеді деп сенемін. Студенттер аудиториясында жастардың мәселелерін, жастарға тиесілі маңызды сұрақтарды жастармен бірге талқылау бұл өте керемет нәтиже деп есептеймін», - деген ойымен бөлісті.

Әр аймақтағы жоғары оқу орындарынан келген жастар студенттердің құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелері аясында тақырыптар көтеріп, талқылады. Студенттер ашық микрофон арқылы көкейлеріндегі өздерін мазалаған барлық сұрақтарын жолдап жауап алды.

«Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырза бүгін еліміздің әр өңіріндегі белсенді студенттермен кездесу өткізді. Бұл жай ғана кездесу емес, біздерді, жастарды, студенттерді толғандыратын сұрақтар аясында пікір алмасу алаңы деуге болады. Әр студенттің жеке-жеке сұрақтарына да жауап берілді. Студенттің шақтың қызықты өтуі және мәселелерді қалай шешу жолдары көрсетілді. Жаңа танысулармен, жаңа бастамаларға, жаңа идеяларға негіз болған үлкен шара болды», - дейді іс-шараға қатысушы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің Стратегиялық даму жөніндегі студенттік проректоры Жансая Турсунова.

Кеңес отырысының ресми бөлімінде ведомство басшысы студенттерге алғыс хаттар және сертификаттар табыстап, жастар саясаты бағытында атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын жеткізді.

Еліміздің әр өңірінен келген студенттердің қатысуымен өткен бұл жыин ертең де жалғасады. Олар «Медеу» мұз айдынында TEDx форматында өтетін тренингтерге, зияткерлік сайыстар мен мерекелік іс-шараларға қатысады деп жоспарлануда.