Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры ТІЛ – ТАҒДЫР – ТАРИХ
05 қыркүйек 2024                  507
ТІЛ – ТАҒДЫР – ТАРИХ

2024 жылғы 5 қыркүйекте Алматыда Алатаудың баурайында орналасқан Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтті.

Университетке биыл алғаш рет қадам басқан бірінші курс студенттерінің арасында «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының қазақ тілі пәні оқытушыларының ұйымдастыруымен «ТІЛ – ТАҒДЫР – ТАРИХ» іс-шарасы аясында «Сыр сандық» атты зияткерлік сайыс өткізілді.

Іс-шара Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру,  Қазақстан халқы тілдері күнін және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өту, сондай-ақ студенттерді мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру мақсатында іске асырылды.

Сайыс өткізілген мәжіліс залы ұлы тұлғалардың ана тілі туралы нақыл сөздерімен безендірілді. Іс-шара қатысушыларының назарына ән-күймен сүйемелденген бейнематериалдар ұсынылды. 

Зияткерлік сайыс шымылдығы М. Игілікқызының кіріспе сөзімен ашылып, университеттің кітапхана меңгерушісі З.С. Махамбетованың мерекелік құттықтау сөзімен жалғасын тапты.

Зияткерлік сайысқа белсене қатысқан «Қыран» және «Арлан» топтарының студенттері халқымыздың тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты түрлі сұрақтарға жауап беріп, өздерінің болашақтан үміт күттіретін, жан-жақты қалыптасып келе жатқан тұлға екендіктерін көрсетті. Топтық сайыс барысында тіл туралы өлең шумақтары оқылып, патриоттық ән орындалды.

Сайыс нәтижесін қорытындылаған кафедра доценті, т.ғ.к. А.Т. Ахметжанова мемлекеттік тілдің мәртебесі, қазақ тілін меңгерудің артықшылығы, отаншылдық сезімнің қалыптасуы, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарау жөнінде өз ойымен бөлісті. 

 Қазылар алқасының шешімімен ұпай саны нақтыланып, «Қыран» тобы жеңімпаз атанды. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаз топтың басшысына «Қазақ хандары» кітабы тарту етілді.