Главная Студентам Студенческие новости Мен бақыттымын, себебі ол менің таңдауым!
10 Қазан 2024                  167
Мен бақыттымын, себебі ол менің таңдауым!

Мен бақыттымын! Өз арманыма жету жолындағы жетістіктерімнің арқасында бақытты болудан шаршамаймын. Әрине әр баланың тұлға болып қалыптасуына зор ықпал ететін кезең – студенттік шақ. Студенттік шақ – бұл тек білім алу кезеңі емес, сонымен қатар өмірдің мәні мен мағынасын түсіну уақыты.

Бала күнгі арманымның қазіргі күнде орындалатындығын кім білген десеңіші? Ата-анамның үмітін ақтап, осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласына арман қуып, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ студенті атанған болатынмын. Студенттік кезең адам өміріндегі ең бір қимас, қызығы мол күндер. Ең бірінші күннен-ақ студенттік күнім басталып кетті. Басында үлкен қорқынышқа бой алдырғанмен, университет қабырғасында тапқан қамқорлықтың, жылулықтың арқасында жүрегім тынышталып, өз дамушы ортамды тапқан болатынмын. Сол кездегі толқынысым әлі есімде, алғашқы сабаққа кіргендегі ұстаз алдындағы қорқыныш, болашаққа деген сенім, мамандықты игерудегі жауапкершілік пен түрлі-түрлі сезімдер бойымды билеп алған еді. Алайда жоғарғы білім ордасының ұстаздар қауымы мен жанымдағы замандастарымның көрсеткен қолдауларының арқасында өз қорқынышымды жеңген болатынмын. Сол себепті де, университетім «...мен жастарға сенемін!»,- деген Мағжан ағамыздың сөзін желге ұшырмай ақтап жүрген оқу орны  екенін нақты мақтанышпен айта аламын!

Қазір сол кезде дұрыс таңдау жасап, өзімді тұлға ретінде дамытып жатқаным үшін, ең бірінші екі жыл бұрын осындай батыл шешім қабылдаған, кішкентай Аяжанға үлкен алғысымды айтамын.

Рахмет саған, жалынды жастығымның куәсі болып келе жатқан, менің қанатымды сындырмай, бақыт сыйлап жүрген қара шаңырақ ордам - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМ.