Барлығыңызға сәлем. Мен Қожатаева Аида, МИТУ университетінің 2 курс студентімін, ТиПП мамандығында білім алып жатырмын. Университеттегі күнделікті өмір тек дәрістер мен тәжірибелік сабақтардан ғана тұрмайтынын түсіну мен үшін үлкен жаңалық болды. Әсіресе, студенттік өзін-өзі басқару ұйымына қосылған кезде, мен өзімді жаңа қырынан аштым.
Қысқы демалыс маған ерекше шабыт береді. Ол тек демалып, еркін тынығатын уақыт емес, сонымен қатар өткен жылға баға беріп, жаңа жоспарлар құратын кезең.
Қысқы үзіліс кезінде мен студенттік ұйыммен бірге ұйымдастырған іс-шараларымызды еске алып, олардың қаншалықты әсерлі болғанын байқадым. Мысалы, университетіміздің әртүрлі бөлімдерінің арасында өткен пікірсайыстар мен қайырымдылық акциялары студенттер арасында ұйымшылдық пен достық қарым-қатынасты нығайтты.
Студенттік өзін-өзі басқару жылында ректорымыздың студенттерді алғыс хатпен марапаттағаны – біз үшін үлкен мақтаныш болды. Бұл біздің еңбегіміздің тек университет ішінде ғана емес, оның шеңберінен тыс жерде де бағаланатынын көрсетті. Мен сол сәтте еңбектің маңызы мен ұйымшылдықтың күшін терең түсіндім. Бұл марапат студенттік өмірдің тек білім алу мен дипломға қол жеткізу ғана емес, сонымен қатар тұлғалық даму, көшбасшылық қасиеттерді жетілдіру екенін дәлелдейді.
Қысқы демалыс мені өз жетістіктерімді бағалап, болашаққа жаңа мақсаттар қоюға шабыттандырады. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы мені тек студент ретінде ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптастырды. Алдағы уақытта да өзіме сенім артып, университетіміздің абыройын асқақтату үшін барымды салуға дайынмын.
Бұл жолда бізді қолдаған университет басшылығына, ұстаздарға және қатарлас студенттеріме алғысым шексіз! Менің ойымша, біз алға қойған мақсаттарымызға бірге жетеміз, ал бұл жолдағы ең басты құндылық – бірлік пен еңбекқорлық.