Главная Новости Қысқы мектеп – 2025: «Инженерлік білім беру сапасын арттыру контекстіндегі оқыту модельдері мен әдістері»
20 Қаңтар 2025                  256
Қысқы мектеп – 2025: «Инженерлік білім беру сапасын арттыру контекстіндегі оқыту модельдері мен әдістері»

Халықаралық инженерлік-техникалық университетінде Қысқы мектеп – 2025 аясында «Инженерлік білім беру сапасын арттыру контекстіндегі оқыту модельдері мен әдістері» атты оқу-әдістемелік конференциясы мәресіне жетті.

9-20  қаңтар аралығында өткен дәстүрлі іс-шарада университеттің әкімшілік басқару қызметкерлері, кафедра меңгерушілері, профессорлық-оқытушылар құрамы өздерінің кәсіби шеберліктерін дамытып, білімдерін жетілдіре отырып, тәжірибе алмасты.

Халықаралық инженерлік-техникалық университетінің ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаевтың 2025 жылғы 3 қаңтардағы «Мақсатым - экономика мен егемендікті нығайту»  Үндеуінен туындайтын инженер мамандарды дайындаудағы басты бағыттарға тоқтала отырып, «Оқу-әдістемелік конференцияда инженерлік білім беру сапасын арттыру бойынша оқытудың үлгілері мен әдістері талқыға салынды. Бұл тек университеттің емес, отандық инженерлік саланың дамуына оң ықпал әкелуге мүмкіндік беретін алаң. Бір аптаға ұласқан шарада ғалымдар мен тәжірибелі оқытушылар өз зерттеулері мен тәжірибесіне сүйене отырып, саладағы тың жаңалықтарды көпшілікке хабардар етті. Әлбетте, мұндай басқосулар сапалы маман дайындауға жол ашады деп сенемін», – деді.

Қысқы мектеп аясында жоғары білім беру әдістемесі, білім беру қызметі сапасын бұдан әрі жақсарту, оқытуда жасанды интеллектті пайдалану, оқу-өндірістік және ғылыми зертханалар жағдайында пәнаралық курстар бойынша зертханалық-практикалық жұмыстарды жүргізу әдістемесі, университеттің тұрақты даму аспектісі ретінде білім беру бағдарламаларына ESG-қағидаттарын енгізу, білім беру процесі мен басқаруды цифрлық трансформациялау, студенттермен кері байланысты тиімді ұйымдастыру үшін виртуалды чат-боттарды құру және т.б.  оқыту сапасын жақсартуға бағытталған басқа да тақырыпта  айтары бар мамандардың баяндамалары тыңдалды.

Қысқы мектеп аясындағы айтылған ұсыныстар нәтижесінде инженерлік-техникалық мамандарды даярлау бағытындағы соны жаңалықтар сараланып, арнайы қаулы қабылданды.  

       Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі. Ал жоғары білім мен ғылым саласын ұштастырып, шәкірттерге терең әрі сапалы білім беруді мақсат еткен көшбасшы Халықаралық инженерлік-техникалық университет инженер маманын дайындау ісіне жаңаша леппен кірісуге жұмылмақшы.