Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының студенті Жеңсікбай Мирас академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында бір семестрге Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға аттанды.
Мирас жаңа оқу орны туралы алғашқы әсерлерімен бөлісуде. Оның айтуынша, бейімделу процесі жақсы өтіп жатыр, ал Қызылорда университетінің оқытушылары мен студенттері оған үлкен қолдау көрсетуде.
Студент университеттің оқу корпустары мен аудиторияларын түсірген суреттерімен де бөлісті. Ол басқа университетте білім алу жаңа тәжірибе жинауға, таным көкжиегін кеңейтуге және оқыту жүйесінің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге кәсіби білімдерін тереңдетіп қана қоймай, өзге студенттермен тәжірибе алмасуға және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға мүмкіндік береді.
Мирасқа сәтті оқу мен Қызылордада қызықты жаңалықтар тілейміз!