Бүгін, 11 ақпан – Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні. Бұл күн ғылым мен технологиялардың дамуына үлкен үлес қосып жүрген әйел ғалымдардың еңбегін мойындауға және ғылымдағы гендерлік теңдікті нығайтуға арналған. METU қабырғасында талантты ғалым әйелдердің жетекшілігімен маңызды ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.
Жас ғалымдарды қаржыландыру бағдарламасы аясында «Көпфазалы және көпкомпонентті турбулентті ағындардағы жылу және масса алмасу процестерін LBM әдісімен зерттеу» жобасын «Биохимиялық инженерия» кафедрасының қызметкері Жұмәлі Айнұр Серікбайқызы басқарады. Бұл зерттеу Больцман тор теңдеулері әдісін қолдана отырып, күрделі ағындардың физикалық процестерін зерттеуге бағытталған. Жоба есептеу гидродинамикасы мен энергия тиімділігін арттыру саласында маңызды рөл атқарады.
Коммерцияландыруға арналған жобаларды қаржыландыру бағдарламасының аясына «Жүректің үздіксіз телемедициналық мониторингін қамтамасыз ету үшін ICardy ЭКГ-патчтарын өндіруді ұйымдастыру» жобасы «Инженериядағы Smart технологиялары» кафедрасының қызметкері Айжанова Алия Елюбаевнаның жетекшілігімен жүзеге асырылуда. Бұл жоба ICardy ЭКГ-патчтарының отандық өндірісін жолға қоюды көздейді. Аталған құрылғылар жүрек қызметін тұрақты бақылауға мүмкіндік беріп, денсаулық сақтау саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Барша әйел ғалымдарды осы атаулы күнмен құттықтаймыз! Сіздерге жаңа жетістіктер, ғылыми шабыт және үлкен табыстар тілейміз!