Главная Новости METU-де Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби челлендж: 1000 оқырманды біріктірген рухани шара сәтті аяқталды.
10 Ақпан 2025                  400
METU-де Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби челлендж: 1000 оқырманды біріктірген рухани шара сәтті аяқталды.

Ақпан айының басында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде студенттік өзін-өзі басқару жылы аясында қазақ поэзиясының заңғар биігі, жыр дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби челлендж бастау алды. Бұл игі бастаманы университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы зор ықыласпен қолдап, студенттермен бірге белсенді түрде атсалысып, жастарды ақынның мәңгілік мұрасымен етене танысуға жігерлендірді. Челлендж аясында әдеби кештер, эдвайзерлік сағаттар мен тағылымды кездесулер ұйымдастырылып, Мұқағали шығармашылығы кеңінен насихатталды. Айрықша әсер қалдырған кездесулердің бірі – Мұқағалитанушы ғалым, ақын мұрасын зерттеген, алғаш болып М.Мақатаев музейінің негізін қалаған Жұмаш Өтеевтің жары, ардагер ұстаз, ақынның ауылдасы Тілеухан Оразханқызы Мергенбаева және олардың қызы, белгілі журналист Арай Жұмашқызы студенттермен өткен сырлы жүздесу болды. Бұл кеш – ақын туралы естеліктермен өрнектелген жыр кеші ғана емес, Мұқағали мұрасын жаңғыртып, жас ұрпаққа өнеге етуге арналған тағылымды басқосу ретінде есте қалды. Кеш барысында университет кітапханасына Жұмаш Өтеевтің өмірі мен еңбегін арқау еткен «Мұқағали шырақшысы» атты құнды кітап сыйға тартылды. Әдеби челленджге мыңға жуық қатысушы ақынның жүрек тебірентер жырларын оқып, оны әлеуметтік желілерде кеңінен таратты. Әсіресе, METU-де білім алып жатқан Египет, Монғолия, Қытай, Турция, Ресей, Марокко, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б., әлемнің он бес елінен келіп білім алып жатқан шетел студенттері Агиз Хани Мохамед Эбрахим Элдесукки, Онгуз Берен, Мэти-Корли Исаак Опар бірнеше тілде ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқуы жиналған қауымды тебірентіп, Мұқағали жырларының шынайылығы мен құдіреті ұлт пен шекара талғамайтынын айқын көрсетті. Сонымен қатар, студенттер ақынның туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылына арнайы барып ақынның мұражайымен танысып және Алматы қаласындағы ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, өлеңдерін ескерткіш басында жарыса оқыды. Инженер мамандығының қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, рухани бай тұлға болып қалыптасуға ықпал ететін мұндай іс-шаралар жастардың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырып, М.Мақатаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, оның өлмес мұрасын ұрпақ санасына сіңіруге зор үлес қосатыны сөзсіз.

Ұлы ақынның мұрасы – мәңгілік. Оны ардақтау – әрбір қазақ баласының қасиетті парызы.

Мұқағали Мақатаевтың мұрасын дәріптеуге бағытталған осы игі бастамаға белсене атсалысып, рухани құндылықтарды насихаттауға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымызды білдіреміз!