2025 жылдың 10 ақпанында Халықаралық инженерлік-технологиялық университеттің Ғылыми кітапханасында «Рухани құндылықтар» айдарында қазақ поэзиясының мәңгілік мұрагері, сөз өнерінің хас шебері Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Ғасырда бір туатын дарабоз» атты сазды кеш өтті. Шараны Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасы мен Ғылыми кітапхана бірлесіп ұйымдастырды. Қазақ жырының мәңгілік шамшырағы, жүректен шыққан асыл сөздері халық жадында жатталған Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – ұлттық рухтың биік шыңы деп есептеледі. Ақынның туған күніне орай өткізілген бұл әдеби-сазды кеш оның шығармашылық мұрасын дәріптеп, жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруды көздейді.
Кеш барысында университеттің профессор-оқытушы құрамы мен студенттері ақынның жүрекжарды жырларын тебірене оқып, Мұқағали әлеміне бойлайды. Сондай-ақ, шараға ақынның ауылдасы, зейнеткер ұстаз Тілеухан Оразханқызы Мергенбаева мен белгілі журналист Арай Жұмашқызы арнайы шақырылған. Кештің әсерлі сәттерін Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтер толықтырып, жыр сүйер қауым ақын өлеңдерінің сырлы әлеміне сапар шегеді. Өнер мен әдебиеттің мерекесіне айналатын бұл рухани кешке барлық өнер мен әдебиет сүйер қауым атсалысты. Кешке қатысу ұстаздар қауымы мен студенттер өзара пікір алмасып, ақиық ақын Мұқағали жырларын мәнерлеп оқып белсенділік танытты. Болашақ ұрпаққа жол сілтеген ақын жырлары бүгінгі кеш барысында студенттерге шабыт беріп, өз бойларындағы таланттарын шыңдауына арқау болады деген сенімдеміз!