Қазіргі
заманғы технологиялардың қарыштап дамуы кітап оқуға деген қызығушылықты азайтып
жатқандай көрінеді. Әсіресе, жастардың әлеуметтік желілерге басымдық беруі
кітапқа деген ынтаны бәсеңдетіп отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Жас
ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін.
Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті қиын», – деп
атап өткен болатын. Бұл сөздер жастар арасында кітап оқуды насихаттаудың
өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осы
орайда, МИТУ кітапханасы, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері
кафедрасы, сондай-ақ Жастар саясаты департаменті бірлесе отырып, жыл көлемінде
«Мен оқитын кітап» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба студенттердің әдебиетке
деген қызығушылығын арттыруға, көркем шығармаларды оқуға ынталандыруға
бағытталған. Жоба аясында студенттер қазақ әдебиетінің классикалық
шығармаларының бірі – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар»
романын оқып, талқылап, өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, махаббат тақырыбына
келгенде студенттер жүрек тебірентерлік сезімдерін ашық жеткізіп, өз
әсерлерімен бөлісті. Романның кейіпкерлері – Ербол мен Меңтайдың тағдыры,
олардың арасындағы шынайы махаббат, адалдық пен сенім секілді қасиеттер
жастарды ерекше толғандырды. Әдеби талқылау барысында студенттер тек шығарманың
мазмұнын ғана талдап қоймай, махаббат ұғымының қоғамдағы орны, оның құндылығы
жайында да терең ой қозғады. Әрбір қатысушы кітаптан алған әсерімен бөлісіп,
сүйікті үзінділерін оқыды. Іс-шара
жылы әрі достық атмосферада өтті.
«Мен
оқитын кітап» жобасының аясында осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын
табады деген сенімдеміз.
