Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
30 Мамыр 2025                  568
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – 1921–1922, 1931–1933 жылдардағы ашаршылық пен ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын әрбіріміз еске алып, тағзым ететін қастерлі күн. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Бұл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның моральдық парызы». Ресми деректерге сәйкес, сол зұлмат жылдары Қазақстанда 100 мыңға жуық адам саяси себептермен сотталып, оның 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Қуғын-сүргіннің құрбаны болғандар қатарында қазақ ұлтының беткеұстар зиялылары мен рухани көшбасшылары бар. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек Қожанов, Сәдуақас Асфендияров және тағы басқа тұлғалар бар.

Ашаршылық жылдары түрлі деректер бойынша 2,5 миллионнан 4 миллионға дейін адам қаза тапты.

2020 жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамына еліміздің барлық өңірлерінен 425 ғалым, зерттеуші және сарапшы енді. Олар ел ішіндегі және шетелдегі мұрағаттарда ауқымды ізденіс-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдар құпиясыздандырылып, 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды. Комиссия жинақтарының 30-дан астам томы жарық көрді, барлығы 72 том жоспарланған.

Қазіргі уақытта бұл бағыттағы зерттеу жұмысын 2021 жылы ашылған ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы жалғастыруда. Орталық құжаттарды цифрлап, электрондық қор қалыптастырып, оларды архив сайттарында орналастыруда. Бұл жұмыс – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және жаппай саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарын толық ақтау жолындағы маңызды қадам.