Главная Новости Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде алғашқы студенттік құрылыс жасағы құрылды
16 Маусым 2025                  731
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде алғашқы студенттік құрылыс жасағы құрылды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде алғаш рет студенттік құрылыс жасағы құрылды. Бұл бастама жастарды еңбекке араластыруға, кәсіби тәжірибе жинауға және ұжымдық рухты қалыптастыруға бағытталған.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» және METU-де «Студенттік өзін-өзі басқару жылы» деп жариялау аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ университеттегі студенттік бастамаларды дамытуға маңызды қадам болып табылады. Осы бастама арқылы студенттер нақты өндірістік ортада жұмыс істеп, құнды тәжірибе жинай алады.

Студенттік құрылыс жасақтарының тарихы 1959 жылдан бастау алады. Қазақстанда бұл қозғалыс 1960-жылдары дамып, алғашқы жасақтардың бірі 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған. Жасақ мүшелері еліміздің түрлі аймақтарында ғана емес, шетелде де еңбек етіп, маңызды тәжірибе жинады. Студенттік құрылыс жасақтарының ардагері, білім саласының көрнекті қайраткері, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі (2010–2013) Бақытжан Тұрсынович Жұмағұловтың осы дәстүрді қолдап, дамытуға қосқан үлесі ерекше атап өтуге тұрарлық.

Бүгінде бұл ізгі дәстүр METU-де жаңғыруда. Жазғы кезеңде студенттер әлеуметтік маңызы бар нысандарда жұмыс істеп, кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бұл бастама кәсіби өсу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар жастардың азаматтық жауапкершілігі мен еңбек мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

METU студенттері бұл бастаманы үлкен ықыласпен қабылдады. Олардың айтуынша, бұл еңбек жолындағы алғашқы маңызды қадам әрі болашақ маман ретінде қалыптасуға берілген зор мүмкіндік. METU басшылығы бұл жобаны тұрақты түрде жүзеге асыруды, студенттік құрылыс жасақтарының санын арттыруды және олардың қызмет саласын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл бастама еңбек пен білімнің үйлесімділігінің айқын үлгісі болып табылады.