Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Ұлтымыздың өркендеуіне бастайтын ең маңызды баспалдақ – КІТАП
26 Маусым 2025                  77
Ұлтымыздың өркендеуіне бастайтын ең маңызды баспалдақ – КІТАП

«Ұлтымыздың өркендеуіне бастайтын ең маңызды баспалдақ – кітап. Сондықтан да қоғамда жоғары деңгейдегі кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде орнықтыруымыз қажет». Бұл – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пікірі. Аталған ойды еліміздің білім, ғылым және мәдениет саласында еңбек етіп жүрген барша азамат түсініп, терең қабылдауы аса маңызды. Бұл мәселені – студент жастарды тәрбиелеудегі негізгі құндылықтардың бірі ретінде тиімді шешу үшін мыналар қажет:
кітап шығару тарихы жөнінде тарихи мәліметтер беру,
танымал тұлғалардың шығармаларын сын тұрғысынан талдауға үйрету,
кітап музейлерінде сақталған теңдессіз туындылармен таныстыру,
«КІТАП» деп аталатын ұлы әлемді тануға үндеу.

Омбы қаласында (Ресей Федерациясы) өткен ғылыми іссапар барысында Омбы облыстық тарихи архивінде жүргізілген нәтижелі зерттеу жұмысы, А.С. Пушкин атындағы Омбы облыстық ғылыми кітапханасындағы ізденіс барысында Сібір аймағындағы жалғыз мекеме – «Миниатюралық кітаптар музейіне» бару бақыты бұйырды. Онда әлемдегі ең кішкентай кітап – А.Н. Коненко шебердің туындысы сақтаулы. Бұл туынды Гиннестің рекордтар кітабына енген. Музей қызметкерлері «Кішкентай кітаптардың шексіз әлемі» атты экскурсия ұйымдастырып, оның аясында «Миниатюралық кітап жасау» атты шеберлік сабағын өткізеді. Музейге келген әрбір адам өз қолымен кішкентай кітап жасап көру мүмкіндігіне ие.

Музей сөрелерінде ағаштан, былғарыдан, қайың қабығынан, папирустен, тастан жасалған микроминиатюралық басылымдар шеберлері, шетел әдебиетінің жинақтары, Пушкин дәуіріндегі репринттік басылымдар, кітап көркемдеудің шедеврлері қойылған. Музейдегі ең көне миниатюра – 1833 жылы жарық көрген «Поляк поэзиясы антологиясы». Ерекше әсер қалдыратыны – ХІХ ғасырдың ортасында жарық көрген, сіріңке қорабына сыйып кететін «Құран» кітабы. Экспозициялар кітап ісінің мамандарының кітапқа деген аса мұқият әрі құндылықтық қатынасын паш етеді.

Кітап – көпполярлы әлем туралы білімнің қайнар көзі. Миниатюралық кітаптар шеберлігіне арналған фотоиллюстрациялар арқылы жеткізілген сұлулық – білім алушылардың зияткерлік және эмоциялық дамуына ықпал етіп, олардың адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі әрі кітап оқу мәдениетін игеруде студент жастарға тамаша мотивациялық құрал бола алады.