Ректор Дархан Берікұлы Ақпанбетовтың жетекшілігімен Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (METU) Ұлыбританияның Staffordshire University құрамындағы Smart Systems, AI and Cybersecurity Research Centre (SSAICS) зертханасымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
SSAICS зертханасы — Еуропадағы цифрлық инновациялар, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласындағы алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі. Зертхананы әлемге әйгілі профессор Elhadj Benkhelifa басқарады — ол информатика және цифрлық инновациялар профессоры, профессорлар кеңесінің төрағасы және Staffordshire University этика комитетінің мүшесі.
Меморандум келесі бағыттарда ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді:
Жасанды интеллект және интеллектуалды жүйелер бойынша бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру;
Студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту;
Халықаралық конференциялар мен мастер-кластар өткізу;
Ғылыми жарияланымдар мен инновациялық зерттеулерді ілгерілету.
Ректор Дархан Берікұлы Ақпанбетов атап өткендей, бұл серіктестік Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы ғылыми әлеуетін арттырудың маңызды қадамы болмақ:
«METU Қазақстанды аймақтық технологиялық инновациялар орталығына айналдыруға ұмтылады, ал әлемдік деңгейдегі серіктестермен ынтымақтастық студенттер мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді ректор.
Профессор Elhadj Benkhelifa өз сөзінде Қазақстанның цифрлық трансформация қарқыны жоғары екенін және METU-дың ғаламдық ғылыми бастамаларға қосылуға зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
Меморандумға қол қою екі елдің күш-жігерін біріктіретін жаңа халықаралық ғылыми серіктестіктің кезеңін білдіреді.