Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры «Өлкетану» клубы студенттерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына экскурсиясы
06 Қараша 2025                  192
«Өлкетану» клубы студенттерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына экскурсиясы

2025 жылдың 6 қарашасында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Өлкетану» студенттік клубының жетекшісі Шаймұханова С. Д. екінші курс студенттерімен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына танымдық экскурсия ұйымдастырды. Экскурсияның басты мақсаты – студенттердің мәдени және рухани көкжиегін кеңейту, ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ жастардың оқу мәдениетін қалыптастырып, кітапқа деген құрметін күшейту болды. Экскурсия барысында студенттерге Ұлттық кітапхананың қалыптасу және даму тарихы туралы мазмұнды ақпарат берілді. Кітапхананың тарихы 1910 жылдан бастау алады, сол жылы Верный қаласында Л. Н. Толстой атындағы қалалық кітапхана ашылған болатын. 1920 жылы оның негізінде Жетісу облыстық көпшілік кітапханасы ұйымдастырылып, кейін ол Алматы губерниялық, одан соң округтік кітапхана болып қайта құрылды. Уақыт өте келе бұл мекеме аймақтық маңызы бар мәдени және ғылыми орталыққа айналып, еліміздегі кітапханатану мен қазақ кітабы тарихы саласындағы ғылыми-әдістемелік зерттеулердің жетекші орталығына айналды. Кітапхананың алғашқы директоры — мемлекет және қоғам қайраткері Ұраз Жандосов. Ол өз дәуірінде ағартушылық пен мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде есте қалған. 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен кітапханаға «Ұлттық кітапхана» мәртебесі берілді. Қазіргі таңда Ұлттық кітапхананың қоры жеті миллионнан астам кітаптар мен құжаттарды қамтиды. Кітапхананы жыл сайын бір миллионнан астам адам пайдаланады, ал кітап беру көлемі екі миллион данаға жуықтайды. Сол жылы кітапханада қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған екі тақырыптық орталық ашылды. Бұл орталықтар ұлттық руханиятты сақтау мен насихаттауда маңызды рөл атқарып, ғылыми және мәдени іс-шаралардың өткізілуіне кең мүмкіндік беріп отыр. Экскурсия барысында студенттер кітапхананың заманауи архитектурасымен, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорымен, электронды ресурстар залымен және мультимедиялық орталықтармен танысты. Кітапхана қызметкерлері студенттерге ақпаратты сақтау мен цифрландырудың жаңа тәсілдері туралы айтып берді. Мұндай танымдық сапарлар студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың бойында ұлттық құндылықтарды, тарихи жады мен мәдени мұраға деген құрметті қалыптастыруға зор ықпал етеді.