Главная Кафедры Бағдарламалық инженерия Новости кафедры METU-да «AI in Engineering Hackathon 2025»: инновациялар, халықаралық ынтымақтастық және жасанды интеллект
21 Қараша 2025                  7530
METU-да «AI in Engineering Hackathon 2025»: инновациялар, халықаралық ынтымақтастық және жасанды интеллект

2025 жылғы 21–22 қараша күндері Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (МИТУ) студенттерді, оқытушыларды, зерттеушілерді және индустрия өкілдерін біріктірген ауқымды инновациялық марафон – «AI in Engineering Hackathon 2025» өтті.

Іс-шараның ерекшелігі – оның халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, заманауи білім беру технологияларын енгізу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мақсатында МИТУ базасында құрылған Цзинши академиясының (Jingshi Academy) қолдауымен ұйымдастырылуы болды. Цзинши академиясы хакатон аясында өткізілген білім беру және сараптамалық іс-шаралардың негізгі алаңына айналып, университеттер мен бизнес өкілдері арасындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Хакатонның салтанатты ашылу рәсімінде МИТУ ректоры, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Ақпанбетов Дархан Берікұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың идеялары еліміздің технологиялық дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.

Өз сөзінде ректор жасанды интеллект технологиялары Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, жасанды интеллект елдің экономикалық және әлеуметтік трансформациясының негізгі қозғаушы күшіне айналмақ. Осы тұрғыдан алғанда, AI in Engineering Hackathon 2025 секілді іс-шаралар жаңа технологиялық шешімдер мен инновациялық жобалардың пайда болуына ықпал етеді.

«Инновациялық-индустриялық даму альянсы» қауымдастығының президенті және «Dolce Group» компаниялар тобының құрылтайшысы Ли Елена Эдуардовна жастардың инновациялық бастамаларын қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай жобалар елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Серіктес ұйымдардың өкілдері жасанды интеллект арқылы шешуді қажет ететін нақты салалық мәселелерді ұсынды. «Sea Star Tourism» ЖШС директоры Т.Б. Хасенов туризм саласындағы өзекті міндеттерге тоқталса, «Bereke Bank» АҚ «Саламат» әмбебап бөлімшесінің басшысы М.С. Күнұрбаева банк секторында AI технологияларын қолданудың маңыздылығын атап өтті. Ал «Data Group» ЖШС директоры А. Ақтау бизнестегі күрделі мәселелерді шешудегі жасанды интеллекттің әлеуетіне назар аударды.

Хакатонның негізгі тапсырмаларын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ стратегиялық талдау және корпоративтік даму департаментінің директоры Б.Т. Имашев таныстырып, ұсынылатын шешімдердің практикалық маңыздылығына ерекше тоқталды.

Хакатон бағдарламасы аясында Цзинши академиясының алаңында инженериядағы жасанды интеллект, білім беруді цифрлық трансформациялау, халықаралық академиялық ынтымақтастық және инновациялық қызмет мәселелеріне арналған семинарлар мен сараптамалық сессиялар өткізілді. Қатысушылар заманауи AI технологияларымен танысып, тәжірибе алмасып, болашақтағы бірлескен білім беру және ғылыми жобалардың перспективаларын талқылады.

Байқауға Алматы қаласының жетекші жоғары оқу орындарынан 47 команда қатысты. 24 сағат ішінде қатысушылар келесі бағыттар бойынша инновациялық шешімдер әзірледі:

  • Экономикадағы AI – қаржылық талдау мен экономикалық процестерді оңтайландыруға арналған интеллектуалды жүйелер;
  • Білім берудегі AI – білім беру ортасын жетілдіру және кампусты басқару жүйелері;
  • Экологиядағы AI – қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелеріне арналған AI шешімдері.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылардың жоғары белсенділігі, университеттер мен индустрия арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы және ұсынылған жобалардың әлеуеті атап өтілді. Сонымен қатар хакатон халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге және заманауи инженерлік технологияларды дамытуға ықпал етті.

Іс-шараның серіктестері: Цзинши Академиясы(Jingshi Academy), «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, DATA GROUP, «Bereke Bank» АҚ, «Nception Labs» ЖШС, B-Apps, «Sea Star Tourism» ЖШС, DEMETRA және «Dolce-Pharm» ЖШС.