2025 жылғы 27 қарашада Алматы
қаласындағы Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде (МИТУ) «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: тарих, мәдениет, тіл және
технологиялар диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
өтті. Ірі ғылыми алаңға айналған бұл форумға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және
Пәкістанның жетекші жоғары оқу орындарының көрнекті ғалымдары, сарапшылары,
докторанттары, жас зерттеушілері, сондай-ақ МИТУ-дың профессор-оқытушылары мен
студенттері қатысты. Жалпы қатысушылар саны офлайн және онлайн форматтарда 200-ден асты.
Конференция жұмысы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры, Қазақстан
Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника
ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дархан Берікұлы Ақпанбетовтың мазмұнды кіріспе сөзімен ашылды. Ол
ЖИ технологиялары қазіргі ғылыми парадигманы қалай өзгертіп жатқанын, білім
беру саласындағы трансформацияны және пәнаралық зерттеулердің маңызын атап
өтіп, МИТУ ұйымдастырған конференцияның ғылыми және практикалық салмағын
айқындады.
Пленарлық отырыс барысында
жасанды интеллекттің ғылым, білім, мәдениет, әлеуметтік кеңістік және деректану
салаларына әсерін айқындайтын мазмұнды баяндамалар ұсынылды. ҚР ҰҒА академигі,
профессор Мақтағали Әбдімәжитұлы
Бектемісов зерттеу процестерін автоматтандыру, деректерді құрылымдау,
білім сапасын бақылау және жеке білім траекторияларын қалыптастырудағы ЖИ
технологияларының ғылыми әлеуетіне тоқталды. Пәкістандық Sukkur IBA University
ғалымы Зафаруллах Сахито STEAM
білім беру моделіне тілдік компонентті тиімді интеграциялау тәжірибесін ұсынды.
Kazakh-American University президенті, академик Асылбек Абдиашимович Исахов жасанды интеллекттің қоғам дамуына,
әлеуметтік қатынастарға және құндылықтық өзгерістерге ықпалын ғылыми тұрғыдан
бағалап, цифрлық этика мәселелерін көтерді. Шароф Рашидов атындағы Самарқанд
мемлекеттік университетінің профессоры Бахтияр
Эргашевич Эргашев Түркістан генерал-губернаторлығының әкімшілік
құжаттарын ЖИ көмегімен талдаудың нәтижелерін ұсынып, отарлық дәуір деректерін
оқудың жаңа ғылыми тәсілдерін көрсетті. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, саяси
ғылымдарының докторы Жомарт
Құдайбергенұлы Симтиков цифрлық гуманитаристика бағытындағы
зерттеулердің даму динамикасын талдады. МИТУ профессоры, ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы Алтынай Бурхатовна
Абуова тағам өндірісіндегі инновациялық технологиялар мен цифрлық
тәсілдердің тиімділігін таныстырды. Түркиялық зерттеуші Ибрахим Калқан қазақ шежіресін цифрлық форматта
реконструкциялаудың жаңа әдістерін ұсынып, генеалогиялық зерттеулерді жаңғырту
әлеуетін атап өтті.
Пленарлық бөлімнен кейін
конференция жұмысы үш негізгі бағыт бойынша жалғасты: Тарих пен мәдени мұра: интерпретация, сақтау және
даму перспективалары: архив құжаттарын жүйелеу, тарихи мәтіндерді ЖИ арқылы талдау, виртуалды
музейлер құру мәселелері қарастырылды. Бұл секцияға МИТУ студенттері ерекше
қызығушылық танытып, практикалық жобаларын таныстырды. Тіл саясаты және білім беру: көптілділік, ұлттық
бірегейлік және мәдениетаралық өзара ықпалдастық: көптілді білім беру, ЖИ-ға негізделген аударма жүйелері, тілдік
стратегиялар және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері талқыланды. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллект: экономика,
қоғам және орнықты даму: жасанды
интеллекттің әлеуметтік өзгерістерге ықпалы, деректер қауіпсіздігі, алгоритмдік
әділеттілік, орнықты даму, цифрлық этика тақырыптары сараланды.
Конференция соңында қатысушылар:
жайлы бірқатар ұсыныстар қабылдады.
МИТУ ұйымдастырған бұл
халықаралық конференция еліміздегі цифрлық трансформацияның ғылыми негіздерін
талқылауға, жас зерттеушілерді ынталандыруға және пәнаралық зерттеулердің жаңа
көкжиегін ашуға маңызды үлес қосты.