Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Міржақып Дулатов - ұлттық тәуелсіздік мұратының жаршысы
04 Желтоқсан 2025                  128
Міржақып Дулатов - ұлттық тәуелсіздік мұратының жаршысы

Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы ұйымдастыруымен ұлт руханиятының ірі тұлғасы, алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараға студенттер, оқытушылар және университет құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері  қатысып, ұлт әдебиеті мен тарихындағы дара есімнің рухани мұрасын тереңнен танып, тағылымды ой түйді.

Кештің негізгі мақсаты:

·        Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұрасын жастарға кеңінен таныту, оның ұлттық тәуелсіздік идеяларын бүгінгі буын санасына сіңіру, студенттерді отансүйгіштікке, рухани сергектікке, тарихи сананы құрметтеуге баулу;

·        «Оян, қазақ!» үндеуінің қазіргі өзектілігін ашу;

·        Үштілділік аясында студенттердің тілдік қабілеттерін дамыту.

Кеш барысында студенттер «Бақытсыз Жамал» романы бойынша қойылымның әсерлі үзіндісін сахналады. Студенттер қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде  романның әлеуметтік астарын, әйел теңдігі, қоғам шындығы мен адам тағдырына қатысты Міржақып көтерген терең мәселелерді жаңаша қырынан ашты.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – студенттердің «Оян, қазақ!» жинағындағы от тілді өлең жолдарын оқуы болды. Олар бұл тарихи туындының жастарға үн қатқан мәңгілік ұран екенін, уақыт озса да өзектілігі кемімей, керісінше, қазіргі ұрпаққа рух беретін күшке айналғанын өз ой-пікірлерімен бөлісе отырып жеткізді.

Әдеби кешті ұлттық рухтағы өнердің көркем әуені әрледі. Домбырашылардың тартқан күйі, түрлі ұлт өкілдері оқыған поэзия, студенттердің «Сегіз аяқ» секілді мәнді өлеңдерді орындауы — қатысушыларды ерекше патриоттық сезімге бөлеп, сырлы да салмақты атмосфера қалыптастырды.

Бұл іс-шара — тек мерейтойлық кездесу ғана емес, жастардың ұлттық тарихқа жақындауы, Алаш мұратын тануы, Міржақып рухына тағзым етуі болды. Студенттер тұлғаның еңбекқорлығын, қайсарлығын, ұлт болашағына деген шексіз адалдығын жүрекпен сезініп, елдік рухты терең ұғынды.