Халықаралық ынтымақтастық департаментінің аясында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде жаңа халықаралық студенттік комьюнити — WING (World International Student Group) құрылды. Комьюнити департаменттің ішінен құрылып, шетелдік студенттерді қолдау, мәдениетаралық байланыстарды дамыту және МЕТU-де жаһандық кампус ортасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. WING жергілікті және шетелдік студенттерді біріктіріп, олардың еркін қарым-қатынас жасауына, мәдени алмасуына, бірлескен жобалар мен халықаралық бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді, сондай-ақ студенттердің академиялық және әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсетеді.
Комьюнити басшылығы департамент арқылы тағайындалды: комьюнити президенті — «Туризм» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Сыдыкова Жанбота Сағиқызы; халықаралық өкіл және вице-президент — Марокко Корольдігінен келген, «Бағдарламалық инженерия» бағдарламасының 2-курс студенті Арва Аит Бинлаассел; екінші вице-президент — «Туризм» бағдарламасының 1-курс студенті Түзубаев Алмат Серікович.
Бүгінде WING комьюнитиі 15 елдің өкілдерін біріктіреді. Олар: Қазақстан, Әзербайжан, Мысыр, Қытай, Қырғыз Республикасы, Марокко, Моңғолия, Нигерия, Пәкістан, Ресей, Америка Құрама Штаттары, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Украина. Комьюнити мүшелерінің халықаралық құрамы департаменттің интернационализация бағытын және МЕТU-де көпмәдениетті орта қалыптастыру мақсатын толық көрсетеді.
Халықаралық ынтымақтастық департаменті аясында WING комьюнитиінің құрылуы университеттің халықаралық қызметін кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Комьюнити жаһандық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға, студенттердің халықаралық бастамаларға қатысуын арттыруға және МЕТU-дың жаһандық кампус ретінде дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.