Главная Новости METU IV Халықаралық «Hiring & Innovation Forum METU» форумын табысты өткізді
04 Желтоқсан 2025                  155
METU IV Халықаралық «Hiring & Innovation Forum METU» форумын табысты өткізді

2025 жылғы 4 желтоқсанда Халықаралық инженерлік-технологиялық университет METU IV Халықаралық «Hiring & Innovation Forum METU» форумын өткізді. Шара индустрия, ғылым, бизнес, мемлекеттік сектор өкілдерімен қатар студенттер мен жас мамандарды да біріктірген кәсіби платформаға айналды. Форум жұмыс берушілер мен болашақ инженерлер арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беріп, компанияларға әлеуетті мамандарды қарастыруға, ал қатысушыларға өз жобалары мен құзыреттерін таныстыруға жағдай жасады.

Форумды METU ректоры Дархан Берікұлы Ақпанбетов ашып, инженерлік білімді дамыту және жасанды интеллект технологияларын оқу бағдарламаларына енгізудің маңызын атап өтті. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Кажденбек Азиз Оралбекович форумның студенттер мен жұмыс берушілерді байланыстыратын маңызды алаң екенін және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға серпін беретінін айтты.

Форумға индустриялық альянстар, өндірістік кәсіпорындар, IT-компаниялар, ғылыми-зерттеу орталықтары, халықаралық серіктестер, технологиялық стартаптар және жетекші бизнес құрылымдары қатысты. Мұндай кең ауқымды қатысу инженерлік кадрларға деген сұраныстың өскенін және индустрия тарапынан университетпен серіктестікке үлкен қызығушылық бар екенін көрсетті.

Пленарлық отырыста инженерлік саланың даму бағыттары, жасанды интеллекттің кәсіби дағдыларға әсері, индустрияландыру талаптары, цифрлық технологияларды енгізу және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды. Сарапшылар еңбек нарығына бейімделген академиялық траекторияларды қалыптастырудың және университет пен индустрия арасындағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Форум студенттердің инженерлік және AI жобаларының көрмесімен жалғасты. Автоматтандыру, робототехника, энергетика және цифрлық технологиялар бағыттарындағы жобалар қонақтардың жоғары бағасына ие болды. Шара METU-дің жаңа зертханасының ашылуымен аяқталды, ол студенттер мен жас ғалымдарға инновациялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

IV Халықаралық форум METU-дің білім, ғылым және индустрияны біріктіретін жетекші университет ретіндегі мәртебесін тағы да нығайтты.

Автор: Мусақызы Ж.