Қазақстан
Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Халықаралық инженерлік-технологиялық
университетінде «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбында тағылымды
кездесу-дәріс ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға қонақ ретінде Ш.Ш. Уәлиханов
атындағы Тарих және этнология институты Бас директорының ғылыми жұмыстар
жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Тілеубаев Шамек Баянұлы шақырылды. Кездесу-дәріс 11 желтоқсан күні өтіп,
студент жастардың үлкен қызығушылығын тудырды. Дәріс барысында спикер Қазақстан
мемлекетінің тәуелсіздікке жету жолындағы күрделі әрі тағдырлы тарихи
кезеңдерді кең ауқымда саралап, отарлық жүйе жағдайындағы ұлттық сананың
қалыптасуы мен жаңғыру үдерістеріне жан-жақты тоқталды. Әсіресе ХХ ғасыр басындағы
Алаш қозғалысының тарихи маңызына айрықша назар аударылды. Ғалым Алаш
партиясының құрылу алғышарттарын, оның саяси бағдарламасының мазмұнын, ұлттық
мемлекеттілік идеяларын және Алаш автономиясын құру жолындағы әрекеттерін нақты
деректер арқылы талдап көрсетті.
Дәрісте Әлихан
Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай сынды Алаш
зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі кеңінен баяндалды. Олардың ұлтты
ұйыстырудағы, қазақ қоғамын өркениетті даму жолына бағыттаудағы ағартушылық
қызметі, білім мен ғылымды ұлттық жаңғырудың басты тетігі ретінде қарастыруы
бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де өзектілігін жоймағаны атап өтілді. Алаш
қайраткерлерінің баспасөз, білім беру, тіл саясаты, құқықтық мемлекет құру
жөніндегі көзқарастары қазіргі мемлекеттік идеологиямен сабақтасып жатқанын
лектор ғылыми тұрғыда негіздеді. Сонымен қатар, дәріс барысында тәуелсіздіктің
тек саяси егемендік қана емес, тарихи жадты сақтау, ұлттық құндылықтарды
ұлықтау және азаматтық жауапкершілікті нығайту екені ерекше атап өтілді. Бұл
тұрғыда студент жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, отаншылдықты тарихи білім
арқылы қалыптастыру, ел тағдырына бейжай қарамау мәселелері кеңінен қозғалды.
Шамек Баянұлы
жастарды Алаш мұрасын тек өткеннің естелігі ретінде емес, қазіргі қоғамдық
сананы қалыптастыратын рухани бағдар ретінде қабылдауға шақырды. Кездесу-дәріс
интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан қойылған сұрақтар мазмұнды
пікірталасқа ұласты. Іс-шара жас ұрпақтың тарихи санасын тереңдетуге,
тәуелсіздік құндылығын ғылыми тұрғыда ұғынуына және ұлттық мемлекеттіліктің
идеялық негіздерін түсінуге зор ықпал етті.
Аталған
кездесу-дәріс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аясындағы маңызды
ғылыми-тәрбиелік іс-шаралардың бірі ретінде университеттің білім беру және тәрбиелік
жұмысында айрықша орын алды. Мұндай мазмұнды кездесулер жас буынның ел тарихына
деген қызығушылығын арттырып, ұлттық болмысты жаңғыртуға қызмет ететіні сөзсіз.