Главная Студентам Студенческие новости METU-де Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне арналған кездесу өтті
11 Желтоқсан 2025                  414
METU-де Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне арналған кездесу өтті

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті METU-де Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен оның тарихи маңызына арналған мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараның құрметті қонағы Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Тілеубаев Шамек Баянұлы болды.

Кездесу барысында қонақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері, оның саяси, әлеуметтік және мәдени негіздері, сондай-ақ тәуелсіздіктің елдің қазіргі дамуы үшін маңызы туралы баяндады. Ұлттық сананы қалыптастыру, тарихи жадты сақтау және мемлекеттің егемендігін нығайтудағы жастардың рөліне ерекше назар аударылды.

Шамек Баянұлының дәрісі ғылыми-ағартушылық сипатта өтіп, студенттермен еркін пікір алмасумен жалғасты. Кездесуге қатысушылар сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салып, тарих, мемлекеттілік және Қазақстанның болашағына қатысты өзекті тақырыптарды талқылады.

METU-де осындай кездесулер өткізу студенттердің дүниетанымын кеңейтуге, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және ұлттық тарихқа деген құрметін арттыруға бағытталған. Аталған кездесу университеттің білім беру және тәрбие жұмысының маңызды бөлігіне айналып, студенттерге тәуелсіздіктің құндылығы мен ел болашағы алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік берді.