Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу: құқықтық сана мен зайырлы құндылықтарды нығайту
23 Қаңтар 2026                  466
Жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу: құқықтық сана мен зайырлы құндылықтарды нығайту

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті. Іс-шара университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасы мен «Жастар саясаты департаменті» бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді. Кездесудің басты мақсаты – студент жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, радикалды идеологиялардың қауіптілігін түсіндіру және қоғамдағы зайырлы құндылықтарды нығайту.

Іс-шара барысында арнайы шақырылған спикер, заңгер, PhD доктор, Алматы қаласы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендианты Сапаров Бахытжан Жолдыбайұлы мазмұнды дәріс оқыды. Дәріс Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет ретіндегі конституциялық негіздерінен басталып, азаматтардың ар-ождан бостандығы мен заң алдындағы теңдігі мәселелерін қамтыды. Спикер зайырлылық қағидаты дінге қарсы ұстаным емес, керісінше қоғамдағы бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ететін құқықтық негіз екенін атап өтті.

Презентация материалдары негізінде діни экстремизм мен терроризм ұғымдарына нақты құқықтық анықтамалар беріліп, олардың негізгі белгілері мен қоғамға төндіретін қауіптері түсіндірілді. Экстремистік ағымдардың мақсаттары, олардың мемлекеттік билікке, ұлттық қауіпсіздікке және қоғамдық тұрақтылыққа қарсы бағытталған әрекеттері нақты мысалдар арқылы талданды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі нормативтік-құқықтық актілерге тоқталып, мұндай әрекеттер үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Дәрістің маңызды бөлігі жастарды радикалды діни ағымдарға тарту тәсілдеріне арналды. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде жүргізілетін вербовка әдістері, жалған діни уәделер мен манипуляциялық ықпал ету жолдары кеңінен қарастырылды. Спикер күмәнді ақпарат көздерінен сақтану, діни білімді тек ресми әрі заңды институттар арқылы алу қажеттігін, жеке ақпараттың қауіпсіздігіне мән беру керектігін атап өтті.

Іс-шараға «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы», «Экономика және бизнес», «Биохимиялық инженерия» кафедраларының эдвайзерлері мен студенттері, колледж оқытушылары, сондай-ақ университеттің комплаенс-офицері қатысты. Кездесу интерактивті форматта өтіп, дәріс соңында сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылды. Студенттер діни ақпаратты ажырату жолдары, радикалды көзқарастардың алғашқы белгілері, құқықтық салдарлар және күмәнді жағдайларда қай мекемелерге жүгіну қажеттігі жөнінде сұрақтар қойды. Спикер барлық сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауап беріп, жастарды саналы таңдау жасауға және заң аясында әрекет етуге шақырды.

Аталған іс-шара жастар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық алаңға айналды. Мұндай кездесулер студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттырып, зайырлы мемлекет қағидаттарын терең түсінуге, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті алдағы уақытта да жастар саясаты аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыра бермек.