Главная Новости METU-де Жастар саясаты департаменті мен Регистратор офисі студенттермен кездесу өткізді
28 Қаңтар 2026                  138
METU-де Жастар саясаты департаменті мен Регистратор офисі студенттермен кездесу өткізді

METU университетінде студенттермен ашық диалог форматындағы кездесулер бастау алды. Алғашқы күнгі кездесу «Тамақ өндірісінің техникасы мен технологиялары» және «Биохимиялық инженерия» кафедраларының студенттерімен өтті.

Іс-шара Жастар саясаты департаменті мен Регистратор офисінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Кездесу барысында студенттерге Platonus ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары түсіндіріліп, оқу үдерісіне қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сабаққа қатысу тәртібі, академиялық және ішкі тәртіпті сақтау, сондай-ақ старосталардың оқу процесіндегі рөлі мен жауапкершілігі кеңінен қарастырылды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын еркін қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен қатар студенттерге университетте жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамалары таныстырылып, олардың маңыздылығы мен мақсаттары түсіндірілді.

Бұл форматтағы кездесулер студенттердің өзекті мәселелерін талқылауға, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және студенттер мен университет әкімшілігі арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ашық диалог кездесулері басқа кафедра студенттерімен де жалғасын табады.