Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейде өткен «Қазақстан тарихы» пәні бойынша көшпелі дәріс
29 Қаңтар 2026                  140
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейде өткен «Қазақстан тарихы» пәні бойынша көшпелі дәріс

Білім беру үдерісін тәжірибелік мазмұнмен толықтыру, студенттердің тарихи ойлау қабілетін дамыту және музей кеңістігін білім беру ортасы ретінде тиімді пайдалану мақсатында «Қазақстан тарихы» пәні бойынша дәріс Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде көшпелі форматта өткізілді.

Көшпелі дәріс студенттерге тарихи білімді дәстүрлі аудиториядан тыс кеңістікте, нақты археологиялық, этнографиялық және палеонтологиялық деректермен тікелей байланыста меңгеруге мүмкіндік берді. Мұндай формат теориялық материалды көрнекі экспозициялармен ұштастырып, тарихи үдерістерді тұтас әрі жүйелі қабылдауға жағдай жасайды.

Көшпелі дәріс Палеонтология және археология залынан бастау алды. Бұл зал палеонтологиялық және археологиялық екі ірі экспозициялық кешеннен тұрады және адамзат тарихының табиғи және антропогендік факторлар негізінде қалыптасқан ұзақ мерзімді дамуын ғылыми тұрғыда бейнелейді. Экспозицияның концептуалдық негізі – табиғи орта мен адамзат қоғамының өзара ықпалы мен себеп-салдарлық байланысын көрсету.

Палеонтология бөлімінде бай остеологиялық материалдар, тасқа айналған ағаштар, тақтатастардағы жәндіктердің, балықтар мен өсімдіктердің таңбалары ұсынылған. Экспонаттардың едәуір бөлігі миллиондаған жылдармен өлшенетін көне кезеңдерге жатады. Палеонтологиялық материалдар геологиялық кезеңдер бойынша хронологиялық жүйеде орналастырылып, Жер тарихының эволюциялық дамуын айқын көрсетеді.

Археологиялық экспозиция кешені тас ғасыры, қола дәуірі, ерте темір ғасыры, хун-сармат кезеңі, орта ғасырлар мен XV ғасырға дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды. Экспозицияда Қазақстан аумағын ежелден мекендеген тайпалардың шаруашылық жүйесі, әлеуметтік құрылымы, діни наным-сенімдері мен көркем мәдениеті жан-жақты таныстырылады. Археологиялық материалдар залдың екі деңгейінде тақырыптық және хронологиялық жүйелілікпен орналасқан.

Экспозицияда Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық экспедициялар барысында табылған аса құнды жәдігерлер қойылған. Олардың қатарында Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» ғылыми көшірмесі, Қарғалы мен Жалаулы көмбелерінен алынған бірегей алтын бұйымдар, ежелгі жерлеу орындарының реконструкциялары, ортағасырлық сәулет ескерткіштерінің макеттері мен диорамалары бар. Ерте көшпелілер мәдениетінің жарқын үлгілері ретінде қару-жарақ, ат әбзелдері, қола ыдыстар мен ғұрыптық заттар ұсынылған.

Оңтүстік Қазақстандағы қаңлы мәдениетінің ескерткіштері б.з.д. IV ғ. – б.з. IV ғ. аралығындағы Арыс өзені бойындағы тұрақтар мен обалардан табылған бірегей археологиялық олжалар арқылы көрсетілген. Ортағасырлық көшпелі-түркі қоғамының мәдени мұрасы тас мүсіндер, жауынгерлік атрибуттар мен әскери жабдықтар арқылы сипатталады.

Дәріс барысында Қазақстандағы қала мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы, сондай-ақ моңғол шапқыншылығы кезеңіндегі тарихи күйзелістерге де ерекше назар аударылды. XIII ғасырдағы оқиғалар, соның ішінде Отырар қаласының қорғанысы «Отырар қаласының қаһармандық қорғанысы» диорамасы арқылы көрнекі түрде баяндалды.

Көшпелі дәрістің келесі кезеңі Тарихи этнография залында жалғасты. Бұл залдың экспозициясы XV ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі Қазақстан тарихын қамтып, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, шаруашылық жүйесі, тұрмыстық салты мен рухани дүниетанымын жан-жақты көрсетеді.

Экспозициялық кешендер Қазақ хандығының құрылуы, мемлекеттіліктің дамуы, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, қазақ жерінің Ресей империясының құрамына енуі сияқты маңызды тарихи кезеңдерді қамтиды. Залда түпнұсқа фотоматериалдар, сирек кітаптар, карталар, тұрмыстық бұйымдар, халықтық қолданбалы өнер туындылары, ұлттық киім үлгілері мен киіз үй көрсетілген.

Көшпелі дәріс Үшінші тарих залында қорытындыланды. Бұл залда Қазақстан халқының көпэтносты мәдениеті тұрмыстық заттар, қолөнер бұйымдары мен фотоқұжаттар арқылы таныстырылады. Экспозиция 16 этностың мәдениетін қамтиды. Сонымен қатар залда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы ерлігіне арналған экспозициялар ұсынылған. «Тыл – Майдан» кешені арқылы соғыс жылдарындағы Қазақстанның экономикасы, ғылымы мен мәдениетінің дамуы, тыл еңбеккерлерінің үлесі нақты тарихи деректермен баяндалады.

Қорытындылай келе, Орталық музейде өткізілген көшпелі дәріс студенттердің тарихи санасын қалыптастыруға, өткенді кең ауқымда пайымдауға және теориялық білімді нақты дерек көздерімен ұштастыруға мүмкіндік берді. Мұндай форматтағы дәрістер музейді білім мен ғылымның тірі кеңістігі ретінде пайдаланудың тиімді үлгісі болып табылады және оқу үдерісінің мазмұнын сапалы түрде байытады.