2026 жылғы 27 қаңтарда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте білім мен бизнестің қуатты бірлігін көрсеткен «Идеядан әрекетке: METU × KIT» атты студенттік жобалар мен кәсіби тәжірибені ұштастыруға арналған ауқымды іс-шара өтті.
Бұл кездесу барысында METU мен «KIT» халықаралық
кәсіпкерлер қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұл келісім
студенттер үшін халықаралық деңгейдегі бизнес-менторлармен жұмыс істеуге
таптырмас мүмкіндік береді.
МИТУ ректоры Дархан Берікұлы өз сөзінде: «Бұл серіктестік — біздің студенттеріміз үшін жай ғана жаңа мүмкіндік емес, бұл олардың теориялық білімдерін нақты нарықта сынап көруіне арналған трамплин. Біздің мақсатымыз — тек маман даярлау емес, өз идеяларын әлемдік деңгейде жүзеге асыра алатын жас көшбасшыларды қалыптастыру», — деп атап өтті.
«KIT»
қауымдастығының негізін қалаушы Бимов Дәурен Оралсынұлы студенттерге арнап «Жасампаздар
үндестігі» тақырыбында шабыттандыратын дәріс оқыды. Ол өз сөзінде:
Бірлесе әрекет етудің бизнестегі маңыздылығын;
Жаңа буын кәсіпкерлеріне қажетті заманауи дағдыларды;
Идеяны нақты нәтижеге айналдырудың жолдарын бөлісті.
Студенттер өздерінің стартап жобаларын таныстырып,
кәсіби сарапшылардан тікелей кері байланыс алды. Бұл тек презентация емес,
идеяларды коммерцияландыруға және нарыққа шығаруға бағытталған маңызды қадам
болды.
Іс-шара аясында қонақтарға METU-дің озық зертханалары
бойынша экскурсия ұйымдастырылып, нетворкинг орнатылды. Кәсіпкерлер
университеттің ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, алдағы ортақ жобаларды
талқылады.