Главная Кафедры Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы Новости кафедры «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясындағы шақырылған профессордың сапары
06 Ақпан 2026                  191
«Шақырылған профессор» бағдарламасы аясындағы шақырылған профессордың сапары

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты дамытуға бағытталған «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында 2026 жылғы 4–13 ақпан аралығында Белград университетінің (Сербия) профессоры - философия докторы (PhD), қоршаған ортаны қорғау және технологиялар саласындағы ғылым докторы, Белград қаласындағы Пәнаралық зерттеулер институтының зерттеуші-профессоры Эльмира Рахимовна Сальникованың сапары өтті.

Сапар барысында профессор 6В08103 – «Жеміс-көкөніс шаруашылығы және агротопырақтану» білім беру бағдарламасының 2–3 курс студенттеріне «Топырақ құнарлылығы» және «Бүлінген жерлерді рекультивациялау» пәндері бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді. Сабақтарда топырақтың деградациясы, көміртекті секвестрлеу, сондай-ақ бүлінген аумақтарды қалпына келтіру және жер ресурстарын тұрақты басқарудың заманауи халықаралық тәсілдері қарастырылды.

Сонымен қатар профессор кафедра оқытушыларына, магистранттар мен жас ғалымдарға ғылыми мақалаларды Q1–Q3 квартильдеріндегі халықаралық рецензияланатын журналдарға жариялауға дайындау мәселелері бойынша консультациялар өткізді. Ғылыми мақаланың құрылымына қойылатын талаптар, журналды дұрыс таңдау, материалдарды рәсімдеу және жарияланым белсенділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сапар бағдарламасы аясында профессор Э.Р. Сальникова кафедра меңгерушісімен бірлесіп У.У. Успанов атындағы Топырақтану және агрохимия институтына барып, болашақ ғылыми ынтымақтастық перспективалары мен бірлескен зерттеулердің бағыттарын талқылады.

Кездесулер қорытындысы бойынша шақырылған профессордың қолдауымен «Орталық Азияның экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы келісімшарт дайындау және жасасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Шақырылған профессордың сапары халықаралық әріптестікті нығайтуға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге, бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға және білім алушылар мен жас ғалымдардың заманауи халықаралық ғылыми бағыттарға қызығушылығын арттыруға ықпал етті.