METU-де ПОҚ, эдвайзерлер және студенттерге арналған профориентациялық кездесу өтті
Халықаралық технологиялық университетінде (METU) кітапхананың конференц-залында профессор-оқытушылар құрамы, эдвайзерлер және студенттерге арналған профориентациялық іс-шара өтті. Кездесудің мақсаты — білім алушыларды кәсіби даму, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және университет құрылымында практикалық тәжірибе алу жолдары туралы ақпараттандыру. Іс-шара барысында қатысушыларға студенттердің 2026 жылы METU Колл-орталығында және Қабылдау комиссиясында жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды. Коммуникациялық дағдыларын дамытуға, алғашқы кәсіби тәжірибе алуға және университет қызметіне белсенді қатысуға қызығушылық танытқан студенттерге ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Колл-орталық пен Қабылдау комиссиясындағы жұмыс студенттерге: практикалық жұмыс тәжірибесін алуға; іскерлік қарым-қатынас дағдыларын дамытуға; университеттің ішкі үдерістерін тереңірек түсінуге; еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, әрі қарайғы кәсіби дамуына қатысты ұсыныстар алды. METU студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыру және кәсіби өсуін қолдау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.