Алматы қаласында 300-ге жуық белсенді студенттің қатысуымен «Референдум: Жастар позициясы» атты маңызды кездесу өтті. Ауқымды іс-шараға Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті студенттері де белсене қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Кездесу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызымен ашық диалог форматында өрбіді. Еркін пікір алмасу алаңында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Іс-шараның басты мақсаты – референдумның қоғам өміріндегі стратегиялық рөлін түсіндіру, оның құқықтық және саяси маңызын талқылау, сондай-ақ жастардың ел болашағына қатысты көзқарасын айқындау болды. Кездесу барысында демократиялық құндылықтар, заң үстемдігі қағидаттары, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мәдениеті және жастардың жауапкершілігі кеңінен сөз болды.
Кездесу қорытындысында ұйымдастырушылар тарапынан студенттерге азаматтық ұстанымы мен қоғамдық бастамаларға қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді.