Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Жасанды интеллект жылы» аясында референдумды қолдауға арналған «Jas Stars» атты ауқымды концерт өтті. Заманауи технология мен өнер тоғысқан бұл шара жастарға ерекше әсер сыйлап, қала жастарының басын қосты.
Кештің басты ерекшелігі – сахнада роботтардың өнер көрсетуі болды. Бағдарлама барысында Темірбек есімді Robo-DJ заманауи музыканы жоғары деңгейде микстеп, залдағы көрермендердің көңіл күйін көтерді. Музыкалық қойылымдар мен жарық эффектілері кештің атмосферасын ерекше етіп, көрермендерге жаңа форматтағы концерт ұсынды.
Сонымен қатар, сахнада Robo-бишілер де өнер көрсетіп, би ырғағымен синхронды қозғалып, технология мен хореографияның үйлесімділігін паш етті. Робот-бишілердің дәл қимылдары мен заманауи музыкалық сүйемелдеуі кештің көркін аша түсті.
Ауқымды концертке Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері белсенді қатысты. Олардың қатарында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (METU) студенттері де болды. Университет жастары заманауи технология мен шығармашылық үйлескен ерекше бағдарламаны тамашалап, шарадан үлкен әсер алды.
5000-нан астам жас жиналған іс-шара барысында қоғам белсенділері 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға қатысудың маңыздылығын атап өтіп, жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беруге шақырды.
«Jas Stars» концерті өнер мен цифрлық технология үйлесім тапқан жарқын жоба ретінде көпшіліктің есінде қалды. Сонымен қатар, мұндай шаралар жастардың ғылым мен инновацияға деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.