Алматы қаласындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры базасында
«Бағдарламалық инженерия» кафедрасының ұйымдастыруымен «Үлкен тілдік
модельдерді практикалық қолдану» тақырыбында мастер-класс өтті. Іс-шараны
кафедра меңгерушісі Сакыпбекова Меруерт Жумабековна және лектор Нуртуган
Ғалымжан Бауыржанұлы жүргізді. Мастер-класс барысында спикерлер жасанды
интеллекттің заманауи бағыттарының бірі – үлкен тілдік модельдердің (LLM) мүмкіндіктерін
таныстырып, олардың бизнес, білім беру және күнделікті жұмыс процестерінде
қолданылу жолдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті.
Меруерт Жумабековна тақырыптың теориялық негіздерін түсіндіріп, LLM технологияларының
даму перспективаларына тоқталды. Ал Ғалымжан Бауыржанұлы практикалық демонстрациялар
ұсынып, нақты кейстер арқылы аудиторияның қызығушылығын арттырды. Екі спикердің
үйлесімді жұмысы мастер-класстың мазмұнын байытып, іс-шараны ерекше әсерлі
етті. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар мен пікірлер мастер-класстың
жоғары деңгейде өткенін көрсетті. Іс-шара өте қызықты, пайдалы әрі заманауи
форматта өтті.
Айта кету керек, үлкен тілдік модельдер – миллиардтаған параметрлерге
негізделген жасанды интеллект жүйелері болып табылады. Олар мәтінді талдау,
генерациялау, аудару және автоматтандыру секілді күрделі тапсырмаларды
орындауға қабілетті. Бүгінде мұндай технологиялар бизнес-процестерді
оңтайландыруда және өнімділікті арттыруда кеңінен қолданылып келеді. Өткізілген
мастер-класс университет пен бизнес құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты
нығайтып, жасанды интеллект технологияларын тәжірибеде қолдануға жаңа
мүмкіндіктер ашты.