2026 жылғы 10 сәуірде Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде «Жасанды интеллект дәуірінде ғылым мен
технологиялардың дамуы» тақырыбындағы Ғылым онкүндігі ресми түрде басталды.
Ауқымды ғылыми іс-шара университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін айқындайтын
маңызды кезең ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ғылым онкүндігінің салтанатты
ашылуын университет ректоры Дархан Берікұлы Ақпанбетов ашып, іс-шараның жоғары
деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды өтуіне тікелей жетекшілік етті. Ректор өз
сөзінде жасанды интеллект дәуіріндегі ғылымның жаңа бағыттарына, инновациялық
технологиялардың рөліне және университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамытудағы
стратегиялық басымдықтарға ерекше тоқталды. Оның баяндамасы онкүндіктің
мазмұндық және идеялық бағытын айқындап, алдағы іс-шараларға нақты бағдар
берді. Ашылу рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, «Әлеуметтік-гуманитарлық
пәндер және әлем тілдері» кафедрасының ұжымы, сондай-ақ студенттер мен жас
зерттеушілер белсенді қатысты. Бұл ғылыми қауымдастықтың бір алаңда тоғысып,
заманауи ғылыми үдерістерді бірлесе талқылауға дайын екендігін көрсетті.
Ғылым онкүндігінің алғашқы
күніндегі негізгі іс-шара қонақ дәріс болды. «Әлихан Бөкейханов және Алаш
зиялылары» тақырыбындағы дәріс онкүндіктің ғылыми бағдарламасының алғашқы әрі
мазмұндық тұрғыдан маңызды бастамасы ретінде өтті. Дәрісті тарих ғылымдарының
кандидаты, профессор Салқынбек Досалы Исаханұлы оқыды. Белгілі ғалым өз
баяндамасында Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының тарихи маңызын терең
ғылыми тұрғыда талдап, оның қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орнына тың
тұжырымдар ұсынды. Лектордың баяндамасы деректік негізінің нақтылығымен,
теориялық тереңдігімен және тарихи мәселелерді заманауи көзқараспен
сабақтастыруымен ерекшеленді. Профессор Салқынбек Досалы Исаханұлы Алаш
зиялыларын ұлттық сананы жаңғыртқан интеллектуалдық элита ретінде қарастырып,
олардың қызметінің қазіргі Қазақстан үшін маңызын нақты ғылыми дәлелдер арқылы
негіздеді. Дәріс жоғары академиялық деңгейде өтіп, студенттер мен жас
зерттеушілер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қонақ дәріске қатысып, ғылыми
пікір білдірген Жандос Жұмалбекұлы Құмғанбаев — PhD, Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры.
Ол өз сөзінде ХХ ғасыр басындағы саяси партиялар мен қозғалыстар тарихын
зерттеудің өзектілігіне тоқталып, Алаш қозғалысы идеяларының тарихи
сабақтастығын қазіргі ғылыми зерттеулер аясында талдады.
Алғашқы күн бағдарламасы
пәнаралық бағытта жалғасып, қонақ дәрістер, зияткерлік хакатон және
биоинженерия бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, онлайн
форматта өткен «Түркі халықтары тарихындағы рухани дәстүрлер» тақырыбындағы
қонақ дәрісті Сүлейман Демирел университетінің (Испарта) гуманитарлық және әлеуметтік
ғылымдар факультетінің профессоры Мехмет Эмин Шен оқыды. Сонымен қатар,
«Интеллектуалды медициналық құрылғылар және тұрақты даму» тақырыбында PhD,
қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік
академиясының корреспондент-мүшесі Чингиз Абдраимович Алимбаев мазмұнды дәріс
өткізді. Бұл іс-шаралар ғылымның әртүрлі салаларын тоғыстыра отырып,
университеттің ғылым мен технологияны кешенді әрі пәнаралық негізде дамытуға
бағытталғанын айқын көрсетті.
Жалпы, Ғылым онкүндігі аясында ауқымды
ғылыми іс-шаралар кешені жоспарланған.
Атап айтқанда, 13 сәуірде ғылыми
әлеуетті дамытуға арналған дөңгелек үстел мен ғылыми семинарлар, 14–15 сәуір
күндері ашық дәрістер, ғылыми семинарлар және жас зерттеушілер байқаулары, 16
сәуірде «Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылымның сапасы мен нәтижелілігі»
тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция, 17 сәуірде
университеттің Озық технологиялар орталығының ресми ашылуы мен ғылыми
жетістіктер көрмесі, 17–18 сәуір күндері технологиялық хакатон, ал 20 сәуірде
халықаралық деңгейдегі спикердің ашық дәрісі мен Ғылым онкүндігінің жабылу
рәсімі өтеді.
Осылайша, Ғылым онкүндігінің салтанатты ашылуы университеттің ғылыми дамуындағы маңызды кезеңді айқындап, ректордың жетекшілігімен жүйелі түрде ұйымдастырылған іргелі ғылыми алаң ретінде бастау алды. Алғашқы күннен-ақ жоғары ұйымдастырушылық деңгей мен мазмұндық сапа көрініс тауып, қонақ дәрістің ғылыми тереңдігі онкүндік аясындағы алдағы іс-шаралардың да жоғары академиялық деңгейде өтетінін айқын аңғартты.