Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі, Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) құрамында Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Раэ Квон Чунгпен кездесу өтті. Кездесу барысында мәртебелі қонақ студенттерге дәріс оқып, жаһандық климаттық сын-қатерлер, тұрақты даму және «жасыл экономика» болашағы жөнінде өз тәжірибесімен және көзқарасымен бөлісті. Ол қазіргі әлемдегі экологиялық мәселелердің өзектілігіне тоқталып, табиғат пен экономика арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызын ерекше атап өтті.
Раэ Квон Чунг — жаһандық экологиялық күн тәртібін қалыптастыруға зор үлес қосқан беделді тұлғалардың бірі. Ол Рио-де-Жанейрода өткен Жер саммитіне қатысып, «жасыл өсім» тұжырымдамасының тең авторы ретінде танылған. Бұл тұжырымдама экономикалық дамуды табиғатпен үйлесімді жүзеге асыру идеясын алға тартады. Кездесу аясында университет ректоры Ақпанбетов Дархан Берикович құрметті қонаққа қазақ халқының ұлттық дәстүріне сай шапан жауып, ілтипат көрсетті. Бұл – қазақ мәдениетіндегі ерекше құрмет белгісі ретінде жоғары бағаланды. Сонымен қатар, университет тарапынан келген қонақтарға ұлттық нақыштағы естелік сыйлықтар табысталып, METU қонақтарды құр қолмен жібермейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мұндай кездесулер METU студенттері үшін тек дәріс тыңдау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі сарапшылармен тікелей пікір алмасып, болашақтың өзекті мәселелерін тереңірек түсінуге жол ашады. Университет алдағы уақытта да ашық диалог пен білім алмасуға негізделген халықаралық кездесулерді жалғастыра береді. Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті білім мен ғылымды ұштастыра отырып, студенттерге жаһандық ойлау көкжиегін кеңейтетін маңызды алаң қалыптастыруда.