Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры СТУДЕНТТЕРІМІЗ ТАРИХ ЕМЕС МАМАНДЫҚТАР АРАСЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІЛІМ САЙЫСЫНДА ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ
23 Сәуір 2026                  74
СТУДЕНТТЕРІМІЗ ТАРИХ ЕМЕС МАМАНДЫҚТАР АРАСЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІЛІМ САЙЫСЫНДА ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

2026 жылғы 17 сәуірде Астана қаласында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының тарих ғылымдарынан басқа білім беру бағдарламалары студенттері арасында «Қазақстан тарихы» пәні бойынша І Республикалық пәндік олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Аталған білім сайысы Астана қалалық архиві және «Білім-Өркениеті» ұлттық инновациялық орталығының бірлесуімен өткізілді. 

Бұл олимпиада өзінің мазмұны мен форматы жағынан ерекше жоба ретінде ерекшеленеді. Атап айтқанда, бұл – жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде оқытылатын «Қазақстан тарихы» курсы аясында тарих мамандығынан тыс бағыттарда білім алатын студенттердің қатысуымен алғаш рет ұйымдастырылған республикалық деңгейдегі білім сайысы болып табылады. Мұндай формат білім беру жүйесіндегі пәнаралық байланысты нығайтып, әртүрлі мамандық иелерінің тарихи танымын кеңейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады. Олимпиаданың негізгі мақсаты – студенттердің Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттыру, олардың оқу-танымдық және зерттеушілік белсенділігін ынталандыру, сондай-ақ дарынды жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қолдау көрсету болып табылады. Сонымен қатар, іс-шара С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Гуманитарлық-педагогикалық ғылымдар институтының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, ғылыми-танымдық мазмұнымен қатар тәрбиелік маңызымен де ерекшеленді.

Білім сайысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан 20-ға жуық команда қатысып, өзара бәсекеге түсті. Қатысушылар қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық спорт университеті, Астана медицина университеті, Шәкәрім университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Астана халықаралық университеті, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты және «Тұран-Астана» университеті сынды беделді білім ордалары болды. Бұл өз кезегінде олимпиаданың республикалық деңгейдегі жоғары мәртебесін айқындап, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Олимпиада офлайн форматта өтіп, төрт кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, «Таныстыру» кезеңінде командалар өздерін шығармашылық тұрғыда таныстырып, тарихи-патриоттық мазмұндағы бейнероликтер ұсынды. «Тарихи диктант» кезеңінде қатысушылар мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Капитандар сайысында студенттердің тарихи білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеті сынға түсті. Ал «Тұлғаны таны» кезеңінде тарихи тұлғаларды анықтап, олардың қызметіне қатысты жан-жақты мәлімет беру арқылы қатысушылардың аналитикалық ойлау қабілеті бағаланды.

Аталған білім додасына университетіміздің 1 курс студенттерінен құралған «METU ORDA» командасы қатысып, өз білімдері мен дайындық деңгейін лайықты түрде көрсете білді. Олимпиада қорытындысы бойынша барлық командалардың капитандары дипломдармен, ғылыми жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды. Университетіміздің командасы «Тарихи сауаттылығы үшін» номинациясымен марапатталып, өздерінің тарихи танымы мен зияткерлік әлеуетінің жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. Бұл жетістік – студенттердің жүйелі дайындығы мен табандылығының, сондай-ақ оқытушылар тарапынан жүргізілген мақсатты жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар, университет тарапынан көрсетілген қолдау мен студенттердің ғылыми-танымдық іс-шараларға белсенді қатысуына жасалған мүмкіндіктердің маңызы зор.

Осы орайда, команданы жасақтауға, олардың республикалық деңгейдегі білім сайысына қатысуына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін университет ректоры Ақпанбетов Дархан Берікұлына алғысымызды білдіреміз. Мұндай қолдау студенттердің кәсіби қалыптасуына, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру сапасын жетілдіруге оң әсерін тигізеді. Аталған олимпиадаға қатысу студенттердің тек білім деңгейін көрсетуімен ғана шектелмей, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осындай зияткерлік сайыстар жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, өзін-өзі дамытуға, үнемі ізденісте болуға деген ұмтылысын күшейтеді. Сонымен қатар, студенттер арасында бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге, өз ойын еркін жеткізе білуге және жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.


Мұндай білім сайыстары болашақ мамандардың тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, тұлғалық жағынан да қалыптасуына әсер етіп, олардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтады. Сондықтан да осындай олимпиадаларға қатысу – студенттердің ғылыми-танымдық әлеуетін арттырудың, олардың интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.