METU ғылыми кітапханасындағы «Кітап апталығы»: Оқу мен оқиғаға толы бес күн!
METU ғылыми кітапханасы Ұлттық кітап күніне орай ерекше форматтағы «Кітап апталығын» өткізді. Оқырман қауымды кітаппен жақындастырып, кітапханамызға жаңа тыныс сыйлаған бұл апта – студенттеріміз үшін нағыз «білім фестиваліне» айналды.
Бір апта бойы кітапханамыз әр күн сайын жаңа қырынан танылып, келушілерге толы болды.
20 сәуір – «Кітап айналымы күні»
Студенттеріміз өз кітапханаларындағы оқылған кітаптармен бөлісіп, өзгелерден жаңа туындылар алды. «Сендегі кітап – мендегі білім» ұранымен өткен бұл күн кітапқұмарлар арасындағы байланысты нығайтты.
21 сәуір – «Ғылым күні»
Бұл күні басты назар – университет оқытушыларының еңбектерінде болды. Ғылымға жол бастаған жастар ұстаздарымыздың зерттеулерімен танысып, академиялық әдебиеттердің маңыздылығын тереңірек ұғынды.
22 сәуір – «Жаңа кітаптар топтамасы»
Кітапхана қорына келіп түскен соңғы басылымдардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Оқырмандар әлемдік әдебиет пен ғылыми жаңалықтардың иісі шығып тұрған жаңа кітаптарды алғашқылардың бірі болып парақтау мүмкіндігіне ие болды.
23 сәуір – «Сүбелі сұхбат»
Кітап оқу мен жазу саласында мол тәжірибесі бар арнайы қонағымызбен кездесу өтті. Қызықты әңгімелер мен құнды кеңестерге толы бұл кездесу оқырмандар үшін үлкен шабыт көзі болды.
24 сәуір – «Қарызсыз студент» күні
Кітапхана алдындағы «қарызынан» құтылғысы келетін студенттер үшін кітаптарды қайтаруға ең қолайлы сәт туды.
Апталық пайдалы әрі қызықты өтті. Кітапқа құмар жастар үшін мұндай іс-шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде жалғаса бермек!