2026 жылдың 24–25 сәуір
күндері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында
білім алып жүрген өзге ұлт студенттері арасында «Қазақ тілі» пәні бойынша
республикалық олимпиада жоғары деңгейде өтті.
Білім додасына еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Л.Н. Гумилев
атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана), Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
университеті (Қарағанды), Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
(Көкшетау), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті (Қызылорда) студенттері
қатысып, барлығы 19 жоғары оқу орнынан келген білім алушылар өзара бақ
сынады. Екі күнге созылған олимпиада
мазмұны жағынан бай, ұйымдастырылуы тұрғысынан жүйелі болды. Қатысушыларға оқу
орнын таныстыратын бейнежазба дайындау үй тапсырмасы ретінде берілді. Сонымен
қатар, оқылым, айтылым, грамматикалық тапсырмалар және мультфильм желісі
бойынша импровизациялық айтылым кезеңдері ұйымдастырылды. Олимпиада аясында
қатысушылар мен жетекшілерге арналған мәдени іс-шаралар өткізіліп, жетекшілер
үшін арнайы әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
Аталған білім додасына біздің білім ордамыз – Халықаралық
инженерлік-технологиялық университеті атынан «Есеп және аудит-25-1р» тобының
студенті Баджурак Милана, «Биоинженерия-25-1р» тобының студенті Биккулов Ренат,
«IT-Maркетинг 25-1р» тобының студенті
Ахмедова Санам қатысып, қазақ тілі бойынша өз білімдерін лайықты деңгейде
көрсетті. Олар барлық кезеңдерде мүдірмей жауап беріп, сауатты сөйлеу
мәдениетімен, тілге деген құрметімен көзге түсті. Сайыс соңында Биккулов
Ренаттың ұлы Абайдың “Сегіз аяқ” өлеңін нақышына келтіре орындауы қатысушыларға
ерекше әсер қалдырып, көрермен ықыласына бөленді. Біздің студенттеріміздің білімділігі, тілге
деген ықыласы, сахнадағы сенімділігі олардың шынайы бәсекеге қабілетті екенін
айқын көрсетті. Олар өздерін лайықты танытып, көрермен көңілінен орын алды. Бұл
– үлкен жетістіктің бастауы, болашақ биіктерге бастар сенімді қадам. Екі күнге
созылған білім додасының қорытындысы бойынша студенттер сертификаттармен, ал
жетекші алғыс хатпен марапатталды. Осындай ізгі бастамаларға ұйытқы болып
жүрген тіл жанашырларына, ұлт руханиятының жанкүйерлеріне, тағылымы мол
іс-шаралармен өрнектеген Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне алғыс
айта отырып, қазақ тілінің мерейін үстем етер тағылымды шаралар жалғасын таба
беретініне сенім білдіреміз.