Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова және Отырар сазы Нұрғиса Тілендиев атындағы Қазақ Академиялық фолклор-этнографиялық оркестрінің концерті өтті.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған кешке ҚазИТУ-дың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Гүлнар Әлібекқызы, оқытушылар, эдвайзерлер және студенттер тамашалап қайтты.
Кештің арнаулы қонақтары: анасы- Забирова Зухра Қалиқызы және қазақтың бұлбұлы, ұстазы- Бибігүл Төлегенова болды. Сонымен қатар шәкірттері «MEZZO» квартеті де жанды дауыста ән шырқады.
Отырар сазы оркестрі классикалық туындылармен тәнті етсе, жеке орындаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова халықтың құрмет-қошеметіне бөленді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және Бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ДінзухраТілендиева және Мүслім Эмзе дирижерлік етті.
ҚазИТУ студенттері кештен алған әсерлерін: «Концерт бізге өте қатты ұнады. Бұл кештен алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тәнімізбен қатар жан дүниемізді байытып, шабыттандырған кеш болды деп айтсақ артық болмас. «Әншіні әнші ететін-халық» демекші, кеш барысында Толқын Забировамен жеке танысып қана қоймай халқымыздың ықыласына бөленгеніне тағы да көзімізді жеткіздік. Концерт аяқталғаннан кейін ҚазИТУ студенттері атынан сыйлығымызды беріп, сұхбат алуға талпыныс жасадық. ҚазИТУ туралы жақсы пікірде екенін айтып, жалынды жастарға жігер берелік ізгі ниетін білдірді».