METU студенттері үшін университет әкімшілігінің қатысуымен «Академиялық адалдық және METU-дағы комплаенс» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Шара «Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылып, оның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және алдағы емтихан сессиясының ашықтығын қамтамасыз ету болды.
Кездесу барысында комплаенс-офицер Данияр Исмаилов студенттерге комплаенс қызметінің негізгі міндеттерін түсіндіріп, академиялық адалдық қағидаттарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған арнайы әлеуметтік ролик көрсетіліп, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.
Жастар саясаты департаментінің директоры Дина Рыскелді өткен бірінші семестр қорытындысы бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелерін таныстырды.
«Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, студенттердің басым бөлігі академиялық адалдықты қолдайды және әділ білім алуды басты құндылық деп санайды. Бұл – университетімізде “Таза сессия” қағидатының берік орныққанын көрсетеді», – деп атап өтті.
Тіркеуші-кеңсе директоры Венера Машенбаева студенттерге алдағы сессия кезіндегі тәртіп ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, емтихан тапсыру талаптары, шпаргалка мен гаджеттерді пайдаланудың салдары, сондай-ақ бағалаудың ашықтығы туралы маңызды ақпарат берілді.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. METU әкімшілігі әрбір студентті алдағы емтихан сессиясында тек өз біліміне сеніп, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға шақырды.