Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінің Күміс университеті жобасы аясында егде
жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және
белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған кезекті тағылымды іс-шара жоғары
деңгейде өтті. «Алматы қаласының белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің алаңында университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
және әлем тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Қазақстан
Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының
кандидаты Естемесов Арман
Заманбековичтің қатысуымен «Белсенді қозғалыс – ұзақ ғұмырдың кепілі» тақырыбында мазмұнды
семинарлық сағат ұйымдастырылды.
Бұл тағылымды
кездесудің негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне белсенді қозғалыстың адам
ағзасына тигізетін оң әсерін ғылыми негізде түсіндіру, денсаулықты сақтаудың
тиімді жолдарын таныстыру және ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің басты қағидаларын
дәріптеу болды. Іс-шараға қатысқан Күміс университет тыңдаушылары семинар
барысында салауатты өмір салтының маңызы, жас ұлғайған шақтағы физикалық
белсенділіктің ерекшеліктері және қозғалыс белсенділігін күнделікті өмірде
тиімді қолдану жолдары туралы жан-жақты ақпарат алды.
Семинар барысында
Арман Заманбекович өзінің көпжылдық ғылыми-педагогикалық және спорттық
тәжірибесіне сүйене отырып, адамның сергек өмір сүруі үшін тұрақты қозғалыстың
маңызы ерекше екенін атап өтті. Ол белсенді қозғалыстың жүрек-қан тамырлары
жүйесін нығайтып қана қоймай, буындардың икемділігін сақтауға, бұлшықет тонусын
арттыруға, ағзаның жалпы төзімділігін күшейтуге және эмоционалдық тепе-теңдікті
қалыптастыруға ықпал ететінін нақты мысалдармен түсіндірді.
Кездесу барысында
қатысушыларға жас ерекшеліктеріне бейімделген қарапайым әрі тиімді дене
жаттығулары көрсетіліп, күнделікті өмірде орындалатын қозғалыс белсенділігінің
әдістері таныстырылды. Сонымен қатар дұрыс тыныс алу техникасы, серуендеудің
денсаулыққа пайдасы, дене жаттығуларын қауіпсіз орындау қағидалары мен ұзақ
өмір сүруге ықпал ететін өмір салты мәдениеті жөнінде пайдалы кеңестер берілді.
Семинардың ерекше
әсерлі бөлігі – қатысушылармен өткен ашық сұхбат алаңы болды. Тыңдаушылар
өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, кәсіби маманнан нақты әрі тәжірибелік
кеңестер алды. Еркін форматтағы пікір алмасу кездесудің мазмұнын байытып,
қатысушылардың белсенді қызығушылығын арттырды. Көпшілік семинардың жоғары
ұйымдастырылғанын және ұсынылған ақпараттың күнделікті өмірде қолдануға аса
пайдалы болғанын атап өтті.
Мұндай кездесулер
Күміс университет жобасының басты мақсаты – аға буын өкілдерінің әлеуметтік
белсенділігін арттыру, олардың зияткерлік және физикалық әлеуетін қолдау,
өмірге деген құлшынысын күшейту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып
табылады.
Халықаралық
инженерлік-технологиялық университеті қоғамдағы аға буынның белсенді өмір сүру
мәдениетін қалыптастыруға бағытталған осындай әлеуметтік-маңызды бастамаларды
алдағы уақытта да жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, дені сау әрі
сергек қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.