METU футбол құрамасы Тұран университетінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Тұран Ректор Кубогы» турнирінде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді.
Турнирге Алматы қаласының жоғары оқу орындарының үздік студенттік командалары қатысып, өзара тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында METU құрамасы ұйымшылдығы мен шеберлігін дәлелдеп, әр кездесуде жоғары дайындық деңгейін көрсете білді.
Команда ойыншылары алаңда жеңіске деген жігерін, спорттық рухын және бірлігін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қарсыластарымен болған тартысты кездесулер нәтижесінде METU футболшылары финалдық кезеңге дейін жетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Бұл жетістік – спортшылардың табанды еңбегінің, жаттықтырушылардың кәсіби дайындығының және университет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Университет ұжымы мен студенттері команда мүшелерін жарқын жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа белестер мен үлкен жеңістер тілейді.
METU студенттері тек білім мен ғылымда ғана емес, спорт саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, университет абыройын асқақтатуды жалғастыруда.