Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының 2-курс студенттері Арнур Оспанов пен Асқар Райымбек академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қытайда бір семестрлік оқуын сәтті аяқтады.
Оқу барысында студенттер жоғары академиялық нәтижелер көрсетіп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі ғылыми-техникалық және инженерлік іс-шараларға белсенді қатысты. Солардың ішіндегі ең маңызды жетістіктердің бірі – робототехника және embodied intelligence бағытындағы беделді халықаралық жарыс – International Embodied Intelligence Innovation Contest (IEIIC) байқауына қатысуы болды.
Астана қаласында өткен байқау Қытай мен Орталық Азия елдерінің жетекші жоғары оқу орындарынан келген студенттер мен жас инженерлердің басын қосты. Қатысушылар робототехника саласындағы нақты өндірістік міндеттерді шешу, жабдықтарды баптау, ақауларды анықтау және инженерлік шешімдерді оңтайландыру бойынша өзара сынға түсті.
Халықаралық құрамдағы команда мүшелері ретінде Арнур Оспанов пен Асқар Райымбек университетімізді лайықты деңгейде танытып, жарыс қорытындысы бойынша Орталық Азия робототехника арнайы кезеңінде ІІІ орынға ие болып, Third Prize дипломымен марапатталды.
Бұл жетістік студенттеріміздің кәсіби дайындығының жоғары деңгейін, инженерлік құзыреттіліктерін және халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетеді.
Арнур Оспанов пен Асқар Райымбекті осы айтулы жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз және оқуында, ғылыми-зерттеу қызметінде, сондай-ақ болашақ инженерлік жобаларында жаңа табыстар тілейміз!