Главная Новости МИТУ «Егінжай күні – 2026» республикалық семинарында цифрлық ауыл шаруашылығына арналған ғылыми әзірлемелерін ұсынды
25 Маусым 2026                  72
МИТУ «Егінжай күні – 2026» республикалық семинарында цифрлық ауыл шаруашылығына арналған ғылыми әзірлемелерін ұсынды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (МИТУ) өкілдері Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өткен «Егінжай күні – 2026» республикалық семинар-кеңесіне қатысты. Биылғы іс-шараның тақырыбы «Агроөндірістегі цифрлық технологиялар – тұрақты дамудың негізі» болды.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, агробизнес өкілдері, халықаралық ұйымдар және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Іс-шара ғылыми әзірлемелер көрмесі мен демонстрациялық егістік алқаптарын аралаудан басталды. Қатысушыларға ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары, дәлме-дәл егіншілік технологиялары, егістіктерді цифрлық мониторингтеу платформалары, суару жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, топырақтың жай-күйі мен ылғалын бақылауға арналған сенсорлар, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға бағытталған инновациялық шешімдер таныстырылды.

Көрме аясында МИТУ ауыл шаруашылығына арналған өз ғылыми әзірлемелері мен инженерлік шешімдерін ұсынды. Университеттің жасанды интеллект, робототехника, автономды мобильді платформалар, компьютерлік көру, интеллектуалды сенсорлық жүйелер және цифрлық мониторинг бағытындағы жобалары қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Пленарлық отырыста МИТУ Ғылыми және инновациялық қызмет департаментінің директоры Мөлдір Куатова «Болашақ агроинновациялар: ауыл шаруашылығында дрондарды, роботтандырылған жүйелерді және аддитивті технологияларды қолдану» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама барысында агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың әлемдік үрдістері, автономды роботтар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, деректерді интеллектуалды талдау жүйелері және дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолданудың нақты мысалдары ұсынылды. Сонымен қатар аталған технологияларды Қазақстан жағдайына бейімдеу және жасанды интеллект, робототехника мен цифрлық ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинар барысында қатысушылар агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру, жасанды интеллект пен үлкен деректер технологияларын енгізу, отандық цифрлық платформаларды дамыту, сондай-ақ ғылым, білім, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады.

МИТУ-дың республикалық семинарға қатысуы университеттің еліміздің жетекші ғылыми ұйымдарымен ғылыми әріптестігін нығайтудағы маңызды қадамдарының бірі болды және Қазақстанның ауыл шаруашылығын цифрландыру мен роботтандыруға бағытталған бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға дайын екенін көрсетті.