Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде 2025–2026 оқу жылының қорытындылары
шығарылып, университеттің алдағы даму бағыттары айқындалған кеңейтілген мәжіліс
өтті.
Мәжіліс
аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Президенті, Қазақстан математикалық
қоғамының Президенті,
академик, профессор Бақытжан
Тұрсынұлы Жұмағұлов құттықтау сөз сөйледі. Ол METU профессор-оқытушылар
құрамына және университет ұжымына ақжарма тілегін білдіріп, оқу жылының маңызды
қорытындыларына тоқталды, университеттің ғылым мен білім саласындағы
жетістіктерін атап өтіп, алдағы бастамалардың табысты жүзеге асуына тілектестік
білдірді.
Сөз
соңында Бақытжан Тұрсынұлы университет кітапханасына әдебиет саласы бойынша
Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық танымал жазушы Мо Яньның «Қалыңыз қалай,
Фолкнер ағай?» және «Сарымсақ жыры» атты кітаптарын сыйға тартты. Әлем
әдебиетінің үздік туындыларымен толыққан кітапхана қоры студенттер мен
оқытушылардың мәдени көкжиегін кеңейтіп, қазіргі қытай әдебиетінің көрнекті
өкілдерінің бірі Мо Яньның шығармашылығымен тереңірек танысуға мүмкіндік
береді. Университет басшылығы мен ұжымы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа құнды
сыйы және университеттің білім беру бастамаларын қолдағаны үшін алғысын
білдірді.
Мәжіліс
барысында университеттің академиялық қызметі мен халықаралық ынтымақтастығын
дамытудың стратегиялық басымдықтары туралы проректор Асель Асылбекқызы
Абдилдаева баяндама жасады. Ол білім беру сапасын арттырудың, шетелдік жоғары
оқу орындарымен серіктестікті кеңейтудің және академиялық ұтқырлық
бағдарламаларын дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Университеттің
ғылыми қызметінің даму перспективалары туралы Оксана Леонидовна Каруна «METU
ғылымының жаңа даму кезеңі» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми-зерттеу әлеуетін
нығайту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және ғылыми әзірлемелерді
өндіріске енгізу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.
Сондай-ақ мәжіліс барысында 2025–2026 оқу жылы бойынша колледж жұмысының қорытындылары туралы колледж директоры Майра Хусаиновна Шалабаева баяндама жасады. Ол колледж қызметінің нәтижелерін таныстырып, жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде білім беру үдерісін жетілдіру, материалдық-техникалық базаны жаңарту және білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелерін атап өтті.
Кеңейтілген мәжіліс өткен оқу жылының қорытындыларын саралап, алдағы кезеңнің негізгі міндеттерін айқындауға және университеттің білім, ғылым және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы одан әрі дамуға деген ұмтылысын тағы бір мәрте айқындауға мүмкіндік берді.