Главная Новости МИТУ-да «Үздік жас зерттеуші – 2026» байқауының қорытындысы шығарылды
20 Шілде 2026                  46
МИТУ-да «Үздік жас зерттеуші – 2026» байқауының қорытындысы шығарылды

2026 жылғы 9 шілдеде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде университет түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі аясында жыл сайынғы «МИТУ-дың үздік жас зерттеушісі – 2026» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы ғылымды дамыту, жоғары білікті кадрларды даярлау және дарынды жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасау еліміздің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған байланысты Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті талантты жас зерттеушілерді анықтауға, қолдауға және олардың ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Бұл байқаудың басты ерекшелігі – оның бірегей форматында. Көптеген ғылыми байқаулар негізінен қалыптасқан ғалымдарға, жас ғалымдарға немесе докторанттарға бағытталса, МИТУ Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып ғылыми жетістіктерді білім берудің барлық деңгейлері бойынша – бакалавриат, магистратура және докторантура – бағалау жүйесін енгізді. Мұндай тәсіл дарынды зерттеушілерді оқудың алғашқы кезеңдерінен бастап анықтауға, отандық ғылымның кадрлық резервін қалыптастыруға және студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне ерте кезеңнен тартылуына мүмкіндік береді.

2026 жылы байқауға университеттің 30-дан астам білім алушысы қатысты. Ұсынылған ғылыми жұмыстар байқау комиссиясы тарапынан зерттеу жұмыстарының өзектілігі, ғылыми жаңалығы, практикалық маңыздылығы, жарияланымдық белсенділігі және авторлардың жеке үлесі бойынша бағаланды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар:

Бакалавриат

Бердіқожа Ақниет - «Тағам өндірісі техникасы мен технологиялары» кафедрасы;

Слямбек Ертіс - «Бағдарламалық инженерия» кафедрасы.

Магистратура

Ершов Эван Петрович - «Бағдарламалық инженерия» кафедрасы.

Докторантура

Болат Аяжан - «Тағам өндірісі техникасы мен технологиялары» кафедрасы.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, оларға жаңа ғылыми жаңалықтар, ғылыми-зерттеу жобаларын табысты жүзеге асыру және отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосатын жаңа жетістіктер тілейміз.