2026 жылғы 9 шілдеде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Ғылым онкүндігі аясында ұйымдастырылған «Science-to-Business: Инновациялық серпіліс» стартап-жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Инновациялық кәсіпкерлікті дамыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру және жастардың бастамаларын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау – ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті ғылыми әзірлемелерді сұранысқа ие технологиялар мен ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын өнімдерге айналдырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.
Осы басымдықтарды басшылыққа ала отырып, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті технологиялық кәсіпкерлік экожүйесін белсенді түрде қалыптастырып, студенттердің инновациялық идеяларын нақты жобаларға айналдыруға жан-жақты жағдай жасап келеді.
Биыл байқауға 40-тан астам стартап-жоба ұсынылып, олардың 23-і байқау комиссиясының алдында өткен қорытынды кезеңге жіберілді. Қатысушылар цифрлық технологиялар, биотехнология, инженерия, туризм және басқа да бағыттар бойынша өз жобаларын таныстырып, әзірлемелерінің жоғары деңгейін және практикалық маңыздылығын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
І орын - «InvestLab» стартап-жобасы. Автор – Нұрманова Ақжарқын Дарханқызы, «Тағам өндірісі техникасы мен технологиялары» кафедрасының докторанты, «Тағам өндірістерінің технологиясы және инжинирингі» білім беру бағдарламасы.
ІІ орын - «Metachiken Diagnostics» стартап-жобасы. Автор – Тугеева Әлфия Шамильевна, «Биохимиялық инженерия» кафедрасының студенті, «Биотехнология» білім беру бағдарламасы.
ІІІ орын - «Legends of Kazakhstan» стартап-жобасы. Автор – Отарбаев Абай Дастанұлы, «Экономика және бизнес» кафедрасының студенті, «Туризм» білім беру бағдарламасы.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үздік жобалар университеттің инновациялық экожүйесін дамыту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытындағы іс-шаралар шеңберінде одан әрі қолдауға ие болады.