Главная Новости Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті
09 Шілде 2026                  60
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті

2026 жылғы 9 шілдеде Алматы қаласындағы «Бақшасарай» салтанат сарайында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанаты жоғары деңгейде өтті. Бұл – студенттердің бірнеше жылдық қажырлы еңбегі мен білім жолындағы ізденістерінің нәтижесін қорытындылап, олардың жаңа кәсіби өмірге қадам басуын айшықтайтын маңызды әрі айтулы мереке.

Университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, құрметті қонақтар, жұмыс берушілер, ата-аналар және түлектер қатысқан салтанатты шараға 800-ге жуық адам жиналды. Мерекелік жиын университет қабырғасында алған білім мен тынымсыз еңбектің жемісін паш етіп, жас мамандардың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын айшықтады.

Салтанатты шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, құрметті қонақтар, жұмыс берушілер, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – бітіруші түлектердің жетістіктерін дәріптеу, олардың кәсіби өмірге сенімді қадам басуына қолдау көрсету, университет пен түлектер арасындағы байланысты нығайту және жас мамандарды жаңа белестерді бағындыруға ынталандыру.

Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары – Қазақстанның Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры, ғарышкер-зерттеуші Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі қызметін атқарған, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик, профессор Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы түлектерге дипломдарды салтанатты түрде табыстап, жүрекжарды құттықтаулары мен ізгі тілектерін жеткізді.

Салтанатты шараға университеттің серіктестері – еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысып, бітіруші түлектерге дипломдарды табыстады. Олардың қатарында «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, «Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты» ЖШС, «Ө. Жолдасбеков атындағы Механика және машина тану институты» ЖШС, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, «Ш.Шөкин атындағы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «У.Успанов атындағы Топырақтану және агрохимия институты» ЖШС және басқа да жетекші ғылыми ұйымдардың басшылары түлектерге дипломдарын табыстап, олардың болашақ кәсіби жолына сәттілік тілеп, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдірді.

Іс-шара барысында университет ректоры Ақпанбетов Дархан Берікұлы түлектерге жүрекжарды құттықтауын арнап, алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, өз ісінің білікті маманы болуға шақырды. Сонымен қатар оқу, ғылыми-зерттеу, қоғамдық және шығармашылық қызметте ерекше белсенділік танытқан студенттерге алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.

Биылғы диплом табыстау рәсімінің ерекшелігі – алғаш рет «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім гранты бойынша білім алған алғашқы түлектерге дипломдардың табысталуы болды. Бұл – университет тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Тугбу Алан Өзденфедакар мен Қырғыз Республикасы Елшілігінің вице-консулы Чолпон Исанаева түлектерді диплом алуымен құттықтап, олардың алдағы кәсіби жолына табыс, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман ретінде биік белестерді бағындыруына ізгі тілектерін білдірді.

Диплом табыстау рәсімі аясында «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы», «Бағдарламалық инженерия», «Инженериядағы SMART технологиялар», «Биохимиялық инженерия» және «Экономика және бизнес» кафедраларының түлектеріне жұмыс беруші ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен дипломдар салтанатты түрде табысталды. Бұл – университеттің жұмыс берушілермен тығыз байланысының және түлектердің еңбек нарығына табысты бейімделуіне бағытталған жұмысының айқын көрінісі.

Салтанатты рәсімге қатысқан жұмыс берушілер қатарында «Икмен» ЖШС, «SEA STAR TOURISM LTD» ЖШС, «Baker Tilly» ЖШС, «B Apps» ЖШС, «Инновациялық-индустриялық даму альянсы» қауымдастығы, Өнеркәсіптік микробиология ғылыми-өндірістік орталығы, «Goji Soki» компаниясы, «Eco Network» жобасы, «Экосервис – С» ЖШС, «Нұрсат +» ЖШС және «Шин-Лайн» компаниясының жетекшілері болды.

Мерекелік бағдарлама барысында университеттің жетістіктері мен даму жолын таныстыратын арнайы бейнеролик көрсетілді. Әсерлі пиксельді шоу, LED-роботтардың қойылымы мен түлектердің дәстүрлі вальсі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кештің концерттік бағдарламасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медеу Арынбаев өнер көрсетіп, өзінің танымал әндерін орындап, салтанатты кештің мерекелік көркін ерекше әсерге бөледі.

Диплом табыстау салтанаты – әрбір түлек үшін жаңа өмірге бастар маңызды белес. Бұл күн Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті тарихындағы тағы бір жарқын параққа айналып, еліміздің дамуына үлес қосатын білікті жас мамандардың кәсіби жолының бастауына куә болған ерекше мереке ретінде есте қалды. Университет өз түлектеріне жарқын болашақ, кәсіби табыс және толағай жетістіктер тілейді.