Халықаралық инженерлік-технологиялық
университетінде (METU) Малайзияның Universiti Teknologi MARA (UiTM)
университетінен келген шақырылған профессор Assoc. Prof. Ir. Dr. Mohd Najib
Mohd Hussain дәрістер циклін бастады. UiTM — METU-дің стратегиялық
халықаралық серіктестерінің бірі.
Universiti Teknologi MARA — Малайзиядағы жетекші
мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. Университет QS World University
Rankings 2027 рейтингінде әлем бойынша 549-орынды, ал QS Asia
University Rankings 2026 рейтингінде Азия бойынша 116-орынды
иеленген.
Профессордың METU-ге сапары екі университет
арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, академиялық және ғылыми
байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ білім беру үдерісіне халықаралық тәжірибесі
мол шетелдік мамандарды тартуға бағытталған.
3 қыркүйекте профессордың алғашқы дәрісі өтті. Іс-шараның ашылуында METU Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Шохаева Карлыгаш Нурлановна сөз сөйлеп, профессорды студенттер мен оқытушыларға таныстырды. Ол ғалымның кәсіби және ғылыми жетістіктеріне тоқталып, METU мен Universiti Teknologi MARA арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Алғашқы дәріс “Empowering the Grid: PV-BESS Integration Design &
VPP Optimization” тақырыбына арналды. Дәріс барысында қазіргі энергетиканың даму үрдістері, жаңартылатын энергия көздерін электр желілеріне интеграциялау, Battery Energy Storage Systems (BESS) технологиялары, интеллектуалды электр желілері, AI/ML шешімдері және Virtual Power Plant (VPP) тұжырымдамасы қарастырылды. Сонымен қатар профессор UiTM-де жүзеге асырылған нақты жобалар мен практикалық тәжірибелермен бөлісті.
Дәріс студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Олар профессордың баяндамасын ықыласпен тыңдап, талқылауға белсенді қатысып, күн энергетикасы, энергия сақтау жүйелері, интеллектуалды энергетикалық желілер және саланың болашағына қатысты сауалдарын қойды. Еркін пікір алмасу барысында студенттер халықаралық сарапшыдан тікелей жауап алып, Малайзиядағы заманауи энергетикалық жобалардың жүзеге асырылу тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алды.
Dr. Mohd Najib Mohd
Hussain — электр энергетикасы, күштік электроника, жаңартылатын энергия көздері, күн фотоэлектрлік жүйелері және энергия сақтау технологиялары саласындағы тәжірибелі маман. Ол Electrical
Engineering бағыты бойынша PhD дәрежесіне ие, Board of Engineers
Malaysia ұйымында тіркелген Professional Engineer және Institution of Engineers Malaysia мүшесі.
Профессордың ғылыми және жобалық тәжірибесі де ауқымды. Ол, соның ішінде, Petronas Research Sdn Bhd компаниясымен бірлесіп, Virtual Power Plant үшін жасанды интеллектке негізделген бұлттық энергияны басқару жүйесін әзірлеуге арналған ірі жобаға қатысқан. Сондай-ақ ол Ұлыбританиядағы The Faraday Institution ұйымының Battery Ambassador өкілі болып тағайындалған.
METU-дегі сапары барысында профессор студенттер мен оқытушыларға PV-BESS технологиялары, энергетикалық жүйелерді интеллектуалды басқару, Virtual Power Plant, энергетикадағы жасанды интеллект және энергетикалық ауысудың болашағы тақырыптарында дәрістер өткізеді.
Бұл сапар METU мен Universiti Teknologi MARA арасындағы стратегиялық әріптестікті нақты академиялық және ғылыми бастамалармен толықтыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.