Главная Новости METU-де «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілінің қатысуымен брифинг өтті
11 Қыркүйек 2026                  68
METU-де «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілінің қатысуымен брифинг өтті

2026 жылғы 11 қыркүйекте Халықаралық инженерлік-технологиялық университетіне (METU) «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алмасбек Есенбекұлы Жанабылов арнайы сапармен келді.

Сапар аясында METU студенттері, магистранттары және профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен халықаралық білім беру бағдарламалары, стипендиялық мүмкіндіктер және «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша ақпараттық брифинг өтті.

Іс-шараның ашылуында METU ректоры Ақпанбетов Дархан Берікұлы сөз сөйлеп, арнайы келген қонақ Алмасбек Есенбекұлы Жанабыловты университеттің академиялық қауымдастығына таныстырды. Өз сөзінде ректор мұндай кездесулердің студенттер мен оқытушыларға халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы өзекті ақпарат алып, шетелде білім алу, ғылыми тағылымдамалардан өту және кәсіби даму бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Брифинг барысында Алмасбек Есенбекұлы Жанабылов «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ жүзеге асыратын халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, қатысушыларға «Болашақ» халықаралық стипендиясы, ғылыми тағылымдамалар, үкіметаралық гранттар және басқа да халықаралық білім беру бағдарламалары таныстырылды.

Сонымен қатар үміткерлерге қойылатын талаптар, конкурстық іріктеу кезеңдері, басым даярлау бағыттары, шетелдік жоғары оқу орындарын таңдау ерекшеліктері және шетелде білім алу мен кәсіби дамуға қатысты мүмкіндіктер түсіндірілді.

Кездесудің практикалық бөлімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Студенттер, магистранттар және профессор-оқытушылар құрамы Алмасбек Есенбекұлына «Болашақ» бағдарламасына қатысу шарттары, тілдік талаптар, шетелдік университеттерді таңдау, ғылыми тағылымдамалардан өту және құжаттарды тапсыру тәртібі бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшылығы өкілінің METU-ге арнайы сапары университеттің академиялық қауымдастығы үшін халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы ақпаратты тікелей сарапшыдан алуға және ашық диалог орнатуға мүмкіндік берді.

METU халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, білім алушылар мен оқытушылардың шетелдік білім беру және ғылыми бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше мән береді.