Академиялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Абдилдаева Асель Асылбековнаның тапсырысы бойынша бағдарламалық инженерия кафедрасында «AI-SANA» ұлттық бағдарламасы аясында арнайы курстардан өткен білім алушылармен кезектен тыс кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты — білім алушылардың жасанды интеллект бағытында алған теориялық білімдері мен дағдыларын практикада қолдануына ықпал ету, сондай-ақ олардың бастамашыл жобалық идеяларын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету.
Жиын барысында студенттерге тақырып таңдап, өз идеялары мен IT-шешімдерін ұсыну тапсырылды. Университет басшылығы мен кураторлар жас зерттеушілерге жобаларды одан әрі дамыту, менторлық сүйемелдеу және ресурстық қолдау көрсету бойынша бағыт-бағдар берді.
Бұл басқосу жас мамандардың инновациялық потенциалын арттыруға және «AI-SANA» бағдарламасы аясында әзірленетін жобаларды іске асыруға үлкен серпін берді.