Алматы күні мен Дүниежүзілік тазалық күні қарсаңында қалада қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өткен жалпы қалалық сенбілік. Игі бастамаға Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері де белсенді қатысып, Аюсай демалыс орнында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматының барлық ауданында ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары бір мезетте қаланың түрлі аумақтарында жүргізіліп, саябақтар мен скверлер, аулалар, қоғамдық кеңістіктер мен демалыс орындары ретке келтірілді.
METU студенттері Аюсай аумағын қоқыстан тазартып, табиғи ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Жалпы сенбілік барысында Алматыда 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Игі іске студенттер, еріктілер, қоғамдық ұйымдар, коммуналдық қызметтер, кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері атсалысты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп, күнделікті өмір салтына айналуы маңызды.
Қала күнімен тұспа-тұс келген Дүниежүзілік тазалық күні мерекелік және экологиялық бастамаларды біріктірді. Ондаған мың алматылық қала мен оның жасыл аумағын көркейтуге үлес қосты. METU жастары да бұл игі іске белсенді қатысып, Алматының тазалығы мен табиғатын қорғауға өз үлестерін қосты.